Алматыдағы Наурызбай ауданында ауыз су мәселесі шешілген жоқ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Наурызбай ауданында тұрғындарды ауыз сумен қамту күрделі мәселенің бірі ретінде күн тәртібінен түспеген. Су желілерінде жылына 300-ге дейін апат болған. 

Бұл туралы аудан әкімі Сайран Сәйфеденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы, Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сәйфеденов аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың нәтижелері,  аудан орталықтарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы мәлімдеді.

Аудан әкімі 2017 жылдың 11 айы, әрі аудан ашылған 3 жылдың ішінде атқарылған жұмыстармен қатар, күрделі тақырыптарды да сөз етті.

«Тұрғындарды ауыз сумен қамту  түйткілді мәселелердің бірі болып отыр. Су желілерінде жылына 300 апат болады. Су жетіспейтініне тұрғындар наразы. Су желісін жүргізу бойынша жоба әзірленді. Осы жылдың аяғы мен алдағы жылдың басында мемлекеттік сараптамаға беріледі. Қарғалы, Ақсау өзендерінің басында су тазалау стансасы салынады. «Барлық» базары жанында үлкен ұңғарнама қазу жұмыстары жүріп жатыр. Ауданда 2014 жылдан бері 118 шақырым жол салынды. Кейбір елді мекендерге алдағы уақытта су желілері үшін қазба жұмыстары жоспарланып отырғандықтан асфальт кірмей отыр», - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, ол тұрғындарды электр жарығымен қамту мәселесі де өзекті екенін жеткізді. 

«Ауданда 680 шақырым электр желісінің 582-сі жеке меншіктің қолында. Апат болғанда анықтау қиынға түсіп, 1500-2000-ға дейін үй 2 сағаттан 20 сағатқа дейін жарықсыз отырып қалады. Электр желілерінде айына 130 апаттық жағдай тіркеледі», - деді Сайран Сәфеденов.

Наурызбай ауданының әкімі су тасқыны бойынша қандай қауіпсіздік шаралары атқарылғанына да тоқталды. 

«Алматы қаласы Төтенше жағдайларды жою қорынан қаражат сұратып, 4 көшеге арық желісі салынды. Ауданымыз аумағында 3 өзен ағып өтеді. Өзендер бастауын тау суынан алады. Арық желілерін тазартқанда дөңгелек, тоңазытқыштар шығады. Мысалы, бір көпірді тазалағанда оның астынан 4-5 тоңазытқыш шыққан. Құтқару қызметі қыс басталмай қазан айынан бастап су арналарын тазартып шықты. Келесі жылы ақпан айынан арнаны тазалау жұмыстары жүреді. Наурызбай ауданы қалаға қосылғанға дейін арық жүйесі 24 көшеде 21 шақырым еді, қазіргі уақытта 61 көшеде 45 шақырым арық желісі жасалды», - деді ол.

Айта кетейік Наурызбай ауданы 2014 жылдың 2 шілдесінде құрылған. 

Соңғы жаңалықтар