Алматыдағы кеңесте «Рухани келісім» күнінің басты құндылықтары айтылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -  Бүгін Алматыдағы №12 мектеп гимназиясы қабырғасында белгілі қоғам қайраткерлері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бас қосқан жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жастармен кездесуде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. 

Кездесуде сөз алған «Қазақ тілі» халықаралық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, белгілі баспагер Ғарифолла Әнес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы айтып берді.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін қоғамымыз қозғалысқа түсіп жатыр. Осы кезге дейін айтылмаған әңгімелер айтылып, ұлттық мәселелер салт-дәстүрімізді көтеріп жатырмыз. Біз қазір «Қасиетті Қазақстан» деген энциклопедия дайындап жатырмыз. Кеше алғашқы нұсқасының тұсаукесері Парижде өтті. Бұл Қазақстан көлемінде емес, түркі жұртында қолға алынбаған дүние»,  - деді Ғарифолла Әнес.

Жиында ашып берген «Нұр Отан» партиясының Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Мұқанова «Рухани келісім» күнінің басты құндылығына тоқталды.

«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялаған болатын. Бұл құжатта рухани құндылықтарды сақтау, елімізге тән ерекшеліктерді дәріптеуге басты назар аударылған. Біздің бүгінгі кездесуіміз 18 қазан - «Рухани келісім» күніне орай ұйымдастырылып отыр. 25 жыл бұрын дәл осы күні Елбасының бастамасымен І Бүкіләлемдік рухани конгресі өткен. Қазір көптеген мемлекеттің ішінде алауыздық туындап жатқанда ауызбірлігімізді сақтау маңызды. Рухани келісім - бейбітшіліктің тірегі, тұрақтылықтың іргетасы. Бүгінгі кездесуге еліміздегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері жиналып отыр. Өйткені, патриоттық сезімді қалыптастыру мектептен басталады», - деді Меруерт Мұқанова.

Басқосу барысында  ҚХА-ның  этнобірлестік өкілдері тарапынан қоғамдағы келісімнің жарқын үлгілері айтылып, оқушылар әзірлеген концерттік бағдарлама қойылды.

Соңғы жаңалықтар