Алматыда Жастардың халық шығармашылығы фестивалінде ұлттардың мәдени мұралары паш етілді (фото)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы технологиялық университетінде тұңғыш рет Жастардың халық шығармашылығы фестивалі ұйымдастырылды. Қазақстан халқының Бірлігі күніне орай өткізілген бұл салтанатты мерекелік шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды.

«Университет қабырғасында алғаш рет өткізіліп отырған Жастардың халық шығармашылығы фестивалінің басты мақсаты - Қазақстан Республикасында тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың мәдени мұрасын, халық шығармашылығын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын насихаттай отырып, ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделін одан әрі нығайтуға барынша үлес қосу. Бүгінгі өткізіліп отырған фестиваль Қазақстан халқының ұлттық мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен халық шығармашылығын көпшілік қауымға кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Сондықтан оның болашақта Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін паш ететін айтулы мәдени шараға айналатындығына сеніміміз зор» - деді өзінің құттықтау сөзінде аталмыш жоғары оқу орнының проректоры, профессор Бауыржан Нұрахметов.

Университет студенттері фестиваль барысында орыс, украин, өзбек, кәріс, ұйғыр, армян, грек, әзербайжан, түрік және тағы басқа да этностардың ұлттық билері мен халық әндерін жоғары деңгейде орындады. Ал олардың өнерлерін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінен құралған әділқазылар алқасы бағалады.

«Ұлттық би» және «Ұлттық ән» аталымдары бойынша бас жүлде және I-II-III орын алған факультеттер мен «Көрермендер көзайымы» жүлдесін жеңіп алған факультет студенттері арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Фестивальге қатысқан қонақтар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері осындай мәдени-рухани шаралардың жиі өткізіліп тұруына тілектестік білдірді.

Сәйкесінше, ұйымдастырушылар енді фестивальді алдағы уақытта республика деңгейінде өткізуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар