Алматыда Жақсылық Үшкемпіров шеберлік сыныбын өткізді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тегін күреске үйрету шараларына қолдау көрсету мақсатында даңқты спортшылар шеберлік-сыныптарын өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халық аренада» ұйымдастырылған бұл жолғы шараға Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қатысып, жас палуандарға үлгі көрсетті.

«Мен өз тәжірибеммен бөлісуге әрқашан дайынмын. Әрине, жастармен өткізілетін мұндай бір реттік кездесу аздық етеді. Бірақ, бір сабақ ішінде қандай психологиялық құпиялар бар, шеберлікті қалай шыңдау керек секілді біраз дүниені түсіндіріп үлгеруің қажет. Ал ондай кеңестер жас палуандарға қашан да қажет», - деді Жақсылық Үшкемпіров.

Бүгінгі шеберлік сабағы №15 балалар мен жасөсіпірімдерге арналған спорт мектебінің оқушыларына ғана емес, барлық қатысам деушілерге арналып, тегін өткізілді.

Айта кетейік, соңғы уақытта Алматы бойынша күреске деген қызығушылық азайып барады. Статистика бойынша, бокс пен каратэге баратындар күреспен шұғылданатындардан 5 есе көп.

«Қазіргі уақытта қалалық чемпионатқа қатысатындар 30-40-тан аспайды. Ал күресті дамыту үшін бұл көрсеткіш 300-400-ге жетуі керек. Енді салыстырып көріңіз, екі апта ішінде біздің мектебімізге 500 бала келіп жазылды. Біз дамыта береміз. Алматы әкімдігі бізге 10 боз кілем сатып алып берді. Біз орта мектептерде тегін секциялар ашамыз. Бізге Сауат Мыңбаев жетекшілік етіп, Республикалық күрес федерациясы, «Халық арена», «Алматы арена» кешендерінің басшылығы да көмектеседі», - деді №15 балалар мен жасөсіпірдерге арналған спорт мектебінің директоры, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Әсет Мәмбетов.

Соңғы жаңалықтар