Алматыда зағип жандардың веломаусымы басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Тұңғыш Президент паркінде зағип велосипедшілердің жаңа веломаусымы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматыда «Шекарасыз спорт» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа веломаусым ашылып, ашық жаттығу өтті.



2016 жылы басталған жоба биік белестерді бағындыруды жоспарлап отырғанын жариялады. «Шекарасыз спорт» жобасының жетекшісі Бахтияр Базарбеков биыл жоба қатысушылары Еуропаға сапар шегетінін жеткізді. 

«Жаңа веломаусымның жаттығулары енді әр сенбі сайын өтеді. Қатысушыларымыз сенбі күндері Қапшағай қаласына дейін велосипедпен барады. Біз енді триатлоннан өтетін «IRONMAN 70.3 Astana» халықаралық сайысына дайындаламыз. Аталған сайыс ТМД аумағында тұңғыш рет өткелі отыр. Ол 2018 жылдың маусым айында Астана қаласында болады. Сонымен қатар, биыл Астана - Париж межесін бағындырмақпыз. Жалпы жоба көз жанары нашар көретін жандарды шабыттандыруға арналған. Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенді, денсаулығы мықты болғанын қалаймыз», - деді Бахтияр Базарбеков. 



Бүгінгі жаттығуға жобаның 30 қатысушысы келді. Енді олар келесі сенбі Қапшағай қаласына дейінгі қашықтықты бағындырып, алыс жолға арналған жаттығуларын бастайды. Бахтияр Базарбеков жобаға жаңадан қосылуға тілек білдірушілер бар екенін айтты. Мысалы, бүгінгі жаңа маусымның ашылуына 2 қатысушы келіп, тіркелді.

Еске сала кетейік, зағип жандар 2016 жылы ерікті велосипедшілермен бірге алғаш рет алыс қашықтықты бағындырған. Онда жоба қатысушылары Алматыдан Астанаға барған болатын. 

Соңғы жаңалықтар