Алматыда велошеру өтетін күні бірқатар жол бағыттары жабылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасы аясында өтетін төртінші велошеру 21-ші мамырға белгіленді, сыйлыққа велосипед беріледі. Жарыс күні бірқатар жолдар жартылай жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасай отырып.

Дәстүр бойынша велошеру әуесқойлары сағат 08:30-да «Нұрлы Тау» бизнес орталығы маңында жиналып, ұйымдастырушылардан нөмірлер алады. Ол нөмірлер арқылы мәреде бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотереяға қатысуға болады. Осы жолы, велосипедшілер 13 шақырымды жүріп өтеді. Велошеруге қатысушылар Әл-Фараби көшесінен батыс бағытта Розыбакиев көшесіне дейін, содан соң Абай даңғылына дейін түсіп, қаламыздың орталық саябағында мәреге жетеді. Дәл осы бағытта жолдар жартылай жабылады.

«Әл-Фараби көшесінен батыс бағытта Розыбакиева көшесіне дейін, содан соң Абай даңғылымен орталық саябаққа дейінгі жолдар аз уақытқа жабылады. Спортшылар өтіп кетісімен бірден ашылады. Соңғы қатысушы мәре сызығына жеткенде жолдар ашылады. Мәреде лотерея ойыны ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылады және концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Дәстүр бойынша, спортшылардың бірі басты сый - велосипедтің иегері атанады. Қатысушылар қорғаныш шлемін киюі шарт», - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Айдана Әділбекова.

Айта кетейік, аталған велошеру «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының қолдауымен осымен төртінші рет өткізілгелі отыр. Жалпы, биыл 20 велошеру өткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар