Алматыда ұйымдасқан топ тек қымбат көліктерді ғана ұрлаумен айналысқан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полицейлері  жол талғамайтын қымбат көліктерді барымталап келген ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Полицейлердің хабарлауынша, ұйымдасқан топтың құрамында 11 адам болған. Оның біреуі - әйел.

«Қылмыстық топ асқан дайындықпен алдын ала құрылған жоспар арқылы әрекет еткен. Олар тек қымбат көліктерді ғана ұрлауды мақсат қылған. Қыркүйек айында олар «Тойота Лэнд Крузер» 200-дік маркалы бағалы екі көлікті ұрлаған. Екі көлікті де түнде алып кеткен. Көліктерді олар апатты автооталдыру құрылғысы арқылы ашып, бірнеше секунд ішінде барымталап үлгерген. Қылмыскерлер алдын ала жалға алынған гараждарға көліктерді апарып жасырған. Содан кейін, көліктің агрегаттарымен негізі анықтауыштарын өзгертіп, сатуға әзірлеген.

 Айта кетейік, көліктердің бірін сатып алушы да тез табыла кеткен. Көлік ұрланғанын біле тұра 1968 жылы туған П. есімді тұрғын оны 13 мың долларға сатып алып, тығып қойған», - деді Алматы қаласы ІІД Криминалдық полиция басқармасының басшысы подполковник Жанболат Зиадин.

Полицейлер қылмыстық топ мүшелерінің міндеттерін анықтаған. Қылмыстық топтың басты ұйымдастырушысы ақшаны бөлетін есепшінің де қызметін атқарған. Қалғандары ұрлайтын көлікті анықтау, оқиға кезінде күзету, гараждағы көлікті бақылауда ұстау, сатып алушыны табу секілді міндеттерді өзара бөлісіп алған.

«Көлікті сатып алушы, оның көмекшісі  де назардан тыс қалып отырған жоқ. Олардың мұндай оқиғаларға бұған дейін де қатысы бар болуы мүмкін. Олардың жеке тұлғасын анықтау жүргізіліп жатыр. Ұрланған көлікті сатып алушыға да ҚР ҚК-де жаза белгіленген», - деді подполковник Ж. Зиадин.

Полицейлердің мәліметіне сүйенсек, қылмыстық топтың екі мүшесі бұған дейін дәл осындай қылмыс жасап, 5 жылға шартты түрде сотталған болып шықты. 

Соңғы жаңалықтар