Алматыда үш әйелді өлтірген күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік айыптаушы үш әйелді өлтірді деген күдіктіні өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне күдіктінің адвокаты Дін-Мұхамед Нарымбетов айтып берді.

Ал күдіктінің адвокаты өзінің қорғауындағы адамға бұл жазаны тағайындамауды сұрап отыр.

«Біз Замандин Палтуевті өмір бойына бас бостандығынан айырмауды сұраймыз. Шешім шығарар кезде біз сотқа оның қылмысты өз мойнына алып, берілгенін, шынайы өкініп, айыпты мойындағанын, тергеуге атсалысқанын ескеруді сұрап отырмыз. Сонымен қатар, сотталушы өз қылмысы бойынша зардап шеккен үшінші адам (тірі кезінде) үшін жедел жәрдемді шақырғанын есепке алса дейміз. Тағы бір айта кетерлігі, менің қорғауымдағы адамның әкесіз қалғалы отырған жасы кішкентай ұлы бар. Осының бәрін ескере отырып, оған 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қарастыруға болады», - дейді адвокат.

Айта кетсек, өмір бойына бас бостандығынан айырылған адам еркіндікке шыға алмайды. Ал 25 жылға сотталған адам өзін жақсы ұстаған жағдайда мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін.

Бұған дейін аталған қылмыста зорлық сипаты болғандықтан, соттың жабық түрде өтіп жатқаны хабарланған болатын.

34 жастағы Замандин Палтуев бірнеше рет зорлық жасады, кісі өлтірді және қарақшылық жасап, бөтеннің мүлкін жойды деген күдікке ілінген.

Бұдан бұрын адвокат өз қорғауындағы күдіктінің айыбын мойындап, жасаған қылмысына өкінетінін хабарлаған еді. Сонымен бірге, ол сотталушының неліктен пышаққа ұмтылғанын түсіндірген болатын.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 7 желтоқсанында Алматы қалалық ІІД полициясы апалы-сіңлілі екі әйелді өлтірді деген күдікпен 34 жастағы күдіктіні қолға түсірген еді. Әйелдердің бірінің денесіне 30, екіншісіне 20 рет пышақ сұғылғаны анықталған. Екі әйелді өлтірген ол қылмысын жасыру үшін үйді өртеп кеткен. Өлтірілген әйелдердің 15 жастағы ұлы мен ересек қызы қалған. Іздестіріліп жатқан кезінде Палтуев тағы бір әйелді өлтірген.

Соңғы жаңалықтар