Алматыда Универсиада аясында «Алатау алабында» этно-фестивалі өткізілмек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Универсиада аясында үлкен мәдени бағдарлама ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекцияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізу құрметіне орай 20 қаңтардан  10 ақпан аралығында Алматы театрлары, концерт залдары, мұражайлары мен кітапханаларында, сондай-ақ, спорттық нысандарда мәдени іс-шаралар өткізіледі.

«Ең үлкен мәдени бағдарламаны Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры және М. Лермонтов атындағы Орыс мемлекеттік академиялық драма театры дайындамақ. 20 қаңтардан бастап, П.И. Чайковскийдің «Щелкунчик», Дж. Пуччинидің «Флория Тоска»,  К. Манье «Cherchez La Femme», Федерико Г. Лорки «Андалузское проклятие», Н. Гогольдің «Ревизоры», «Лебединое озеро», «Кармен», «Жизель» балеті секілді тағы да басқа әлемдік деңгейдегі ең үздік қойылымдар көрсетіледі. Сондай-ақ, М. Әуезов атындағы театр, Корея мемлекеттік республикалық музыкалық комедия театры, Қ. Қожамияров атындағы Ұйғыр мемлекеттік республикалық музыкалық комедия театры да ең үздік қойылымдарды көрсетеді», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында мазмұнды мәдени бағдарлама қарастырылған, соның ішінде ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Г. Несіпбаевтың жетекшілік етуімен орган музыка кеші, ҚР үрмелі аспаптар оркестрінің концерті, халықаралық байқаулардың лауреаттары Жанар Сүлейменова, Амира Бейсенғалиева секілді тағы да басқа әртістердің концерттері ұйымдастырылады.

«Алатау» театрының аумағында «Алатау алабында» этно-фестивалі өткізілмек. 29 қаңтарда ашылып, Универсиада аяқталғанша жұмыс жасайтын аталған этно-фестиваль кезінде қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, павильондар, киіз үйлер, дәстүрлі инсталляциялар қойылады, ұлттық тағам түрлері таныстырылады.

Қаланың кітапханалары мен мұражайларында спорт тақырыбына арналған көрмелер, виртуалдық слайд-саяхаттар, сондай-ақ, еліміздің спортшылары мен спорт саласының өкілдерімен кездесулер өткізіледі.

Келесі көрмелер мен шеберлік сабақтары төрт кезеңде өткізіледі: «Балалар әлемді біріктіреді» (Халық Арена, Алматы Арена, Б. Шолақ атындағы Спорт сарайы, Республика сарайы алдындағы алаң); «Шығармашылық әлемді біріктіреді» (Халық Арена, Алматы Арена); «Спорт әлемді біріктіреді» атты ретроспективтік көрме және пленэрлік жұмыстар көрмесі (Универсиаданың барлық спорттық объектерінде); «Универсиада сәттері» (Универсиада объектері, Алматының Жаңа мұражайы).

Алатау театрында күнде дәстүрлі музыка концерттері өткізілмек («Жер жаннаты  Жетісу», «Інжу-Маржан», «Ағажай, Алтайдай жер қайда...» және т.б.).

Сондай-ақ, Универсиада өткізілетін бүкіл кезеңде, яғни 29 қаңтардан бастап 8 ақпан аралығында Қазақ мемлекеттік циркінде 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға арналған арнайы цирк бағдарламасы, ал 10 ақпанда Республика сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сейдолла Бәйтерековтің шығармашылығына арналған «Жан досым» концерті ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар