Алматыда тұрғындар жиі шағымданатын бағдарға жаңа автобустар алынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы №86-шы бағдар бойынша қатынайтын ескі көліктерді кондиционері мен видеокамерасы бар жаңа  автобустар алмастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдікке сілтеме жасай отырып.

«Жаңа автобустар «Еуро 5»  экологиялық сыныбына жатады, төмен еденді, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған. Биыл біз барлығы 388 автобус сатып алдық, олардың 100-і шағын әрі таулы жерлерге арналған, қалғандарының сыйымдылығы үлкен және орташа», -деді «Алматыэлектротранс»ЖШС-ның директоры Ризван Цинаев.

«№ 86 бағдары «Орбита-1» ықшам ауданынан бастап, Азаматтық авиация академиясына дейін баратынын ең ұзақ жолды қамтыған бағдарлардың бірі. Ол әл-Фараби даңғылын, Фурманов көшесін, Райымбек және Сүйінбай даңғылдарымен жүріп өтеді», - деді ол.

Ризван Цинаевтың айтуынша, бұған дейін автобустардың жетіспеушілігінен көлік сирек жүретін.

«Көліктер жетіспей сирек жүретіндіктен тұрғындардан жиі шағым түсіретін. Бізге дейін бұл бағытқа жеке тасымалдаушы қызмет көрсеткен еді. Енді аталған бағыт толық жабдықталып, автобустар кесте бойынша жүретін болады», - деді Р.Цинаев.

Айта кетерлігі, «Алматы-2020» қалалық даму бағдарламасының басты қағидаларының бірі - қоғамдық көлікті реформалау, соның барысында көліктер жаңаруда.

Еске салсақ, бұған дейін №65, 50, 103, 126, 112 бағдарлары жаңарған еді. Бұлармен қоса №77 бағыт та өзінің жұмысын жаңғыртты. Жыл аяғына дейін Алматы қаласының әкімдігі мегаполистегі автобус паркінің 30%-ын жаңартуды жоспарлап отыр.  

Соңғы жаңалықтар