Алматыда созылмалы ауруларды қадағалайтын бағдарлама басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жұқпалы емес созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы басталды.

Ауыр сырқаттарды жеңуге бағытталған мұндай бағдарлама Алматы қаласындағы 3 емханада қанатқақты режімде іске қосылды.

Егер жаңа жүйе өз жемісін берсе, қаладағы барлық емдеу нысандарына енгізілетін болады.

«Созылмалы, инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламасы Қазақстанда 2013 жылдан бастап 7 емханада енгізілген. Үш нозология бойынша артериалды қан қысымы, қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі сырқаттарының көрсеткішін азайтуға бағытталған. Біздің №11 қалалық емханада 2016 жылдың мамыр айынан бастап енгізілген. Оған 201 науқас қатысады», - деді №11 емхананың учаскелік терапевті Назира Ермекқызы.

Осы бағытта емханада мультидисциплинарлық команда құралған. Оның құрамына үйлестіруші, жалпы тәжірибелік 6  дәрігер, 6 медбике, кардиолог, сарапшы дәрігер, 2 психолог, 2 әлеуметтік жұмыскер, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының медбикесі, медстатист кіреді.

Жоба командасы 42 ер адам мен 160 әйел адамның денсаулығын кешенді түрде қадағалап келеді. Жұмыс тобы пациенттердің қан қысымын өлшеп, қажетті талдауларды (холестерин, креатинин) тапсырады. Пациенттер жүйелі түрде қан қысымы, басқа да көрсеткіштерді арнайы күнделікке толтырып отырады.

«Осылайша адамдар өз денсаулығын қадағалап, жауапкершілікпен қарауға үйренеді. Адамның ой-өрісі өзгереді. Жоба ашылғалы бері пациенттердің 75 пайызында қан қысымы тұрақтала бастаған. Жүрек жеткіліксіздігімен ауруханаға түсетіндердің саны да 2 есе азайған», - деді Нәзира Ермекқызы.

Соңғы жаңалықтар