Алматыда сел қаупінен қорғану саласында цифрлық жүйе енгізіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2018 жылы әлеуметтік салаға барлық шығындардың тең жартысы жұмсалады. Бұл туралы мәслихат бекіткен 2018 жылғы қала бюджеті туралы мәліметте көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда VI шақырылымдағы қалалық мәслихаттың XXV-ші сессиясы барысында қаланың 2018 жылғы бюджеті бекітілді. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2018 жылы әлеуметтік салаға барлық шығындардың тең жартысы жұмсалмақ.

«Денсаулық сақтау саласында дәрімен және вакцинамен қамту, медициналық жабдықтар алу, кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру басты назарда. Әлеуметтік қорғауға 8,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 20 мыңнан астам адамға әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы беріледі, 9 мекеме мен мүгедектерге қаржылай көмек көрсетіледі. Бұлардан өзге, 2018 жылы мектептердің ағымдағы жөндеу жұмыстарына, оқулықтар алуға, мұғалімдер мен тәрбиешілерге жалақы төлеуге қаржы қарастырылған. 8 балабақша салу жоспарланған. Сондай-ақ, 2 мектеп жанындағы қосалқы нысан құрылысы келер жылы аяқталады, педагогикалық колледж жанынан қосалқы нысан салынады. №46 мектеп сейсмикалық қауіпсіздік бойынша күшейтіледі», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2018 жылы Алматы қаласында арық жүйелерін жөндеуге 3,3 есе көп қаржы бөлінеді. Егер биыл 28 шақырым арық жүйесі жөнделсе, бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда 3 есе көп, Табиғи ресурстар басқармасының ақпараты бойынша келер жылы тағы да 74 шақырым арық жүйесін жөндеу жоспарланған. Жалпы, арықтар мен нөсер кәріздерін жөндеу жұмыстары кешенді жүргізіліп, арық жүйесін дамытудың 10 жылдық жоспары жасалады.

«Сел қаупінен қорғану үшін 2018 жылы моренді көлдерге мониторинг жүргізудің цифрлы жүйесі қолға алынады. Қазіргі кезде олар тікұшақ арқылы бақыланады. Айта кетерлігі, биыл Алматыда қымбат насосты стансалардың арқасында ең қауіпті 9 моренді көлдің сулары тартылды. Қала қауіпсіздігін сақтаудың басты - міндеті әлеуметтік нысандардың сейсмикалық қуатын күшейту. Осыған орай, әлеуметтік нысандарды сейсмикалық күшейтудің 2025 жылға дейінгі кезеңді жоспары жасалды. Мысалы, биылғы жылы 6 балабақша, 20 мектеп, 1 балалар үйі сейсмикалық күшейтілді, денсаулық сақтау саласының 8 нысанын сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталып қалды. 7 мыңнан астам нысан, соның ішінде мектептер, балабақшалар, ауруханалар сеймикалық жағынан паспортпен жабдықталады», - делінген хабарламада.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаланың экономикалық даму қарқынының өсуі 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 4%-ды, ал 11 ай ішінде негізгі капиталға тартылған инвестиция 15,7%-ды құраған. 

Соңғы жаңалықтар