Алматыда регбиден Жастар ойындары мәреге жетті
Төрешілер Алматы мен Алматы облысының спортшылары әрдайым жақсы дайындықпен келетінін атап өтті. Әрине, қалған командалардың да тәжірибиесі жыл санап артып келеді. Бірақ, алматылықтардың деңгейі олардан әлдеқайда жоғары.
Жарыстың ережесіне сәйкес, әр команда 14 ойыншыдан құралған, оның 12-сі алаңға шығып ойнайды. Әр кездесу 7 минуттан тұратын екі ойыннан тұрады. Финалдық ойындар өте тартысты өтті. Ұлдар арасындағы ақтық бәсекеде алаң қожайындары 17:14 есебімен Талдықорған командасын тізе бүктірсе, қыздар арасындағы финалдық ойындарда талдықорғандық бұрымдылар 12:7 есебімен Алматы құрамасын жеңді. Осылайша, алаң иелері күміспен күптелсе, қоланы қыздар арасында Қостанай облысы, ал ұлдар арасында Маңғыстау облысы қанағат тұтты.
Жарыстың басты - мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау, ел тұрғындарын спортпен және дене шынықтырумен күнделікті айналысуға баулу, жазғы спорт түрлерінен үздік спортшыларды анықтау, үздік регбишілерді еліміздің құрама командаларына іріктеу, оларды 2017 жылы Индонезияда өтетін Азия ойындары және 2018 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айресте жалауы желбірейтін жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына дайындау.