Алматыда педофилден 8 жасар қызды құтқарып қалған оқушы марапатталды

None
None
  АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түрген ауылында 8 жасар қызды 32 жастағы педофилден құтқарып қалған 11 сынып оқушысы Тимурбек Жамалладиновты Алматыдағы Ғылым ордасында Қазақстанның ғалымдары құрмет көрсетіп, батасын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

null
Бүгін Алматыдағы Ғылым ордасында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов бастаған ғалымдар қауымы 11 сынып оқушысы Тимурбек Жамалладиновты өзі оқитын мектеп директорымен бірге шақырып құрмет көрсетті. Ғылым комитетінің төрағасы ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің атынан алғыс хат беріп, соңғы үлгідегі планшет пен ұялы смартфон тарту етті.

«Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы Түрген ауылында 8 жасар баланы шабуыл жасаған 32 жастағы адамнан құтқарып қалған Тимурбекті арнайы шақыртып отырмыз. Тимурбек Тәуелсіздікпен құрдас, Егемен елдің бүгінгі жас батыры. Баламыздың бұл әрекетін батырлық деп бағалауға болады. Тимурбектің ерлігіне қарап Қазақстанымыздың болашағы қандай екенін батыл елестетуге болады», - деді Болатбек Әбдірасылов.  

Ғалымдар алдында сөз сөйлеген мектеп оқушысы сасып қалмады.
null  

«Министр Сағадиев мырзаға, білім грантын беріп жатқан облыс әкімі А.Батталов мырзаға алғысымды айтамын. Мен мұны ерлік деп есептемеймін. Менің орнымда басқа оқушы болса да оны арашалап қалар еді», - деді Тимурбек Жамалладинов.

Оқушы болған оқиғаны ашып айтпағанымен, шет жағасын жеткізді. Оның айтуынша, сол күні ол мектептегі қосымша сабақтан қайтып келе жатқан. 8 жастағы қызды сайға алып бара жатқан адамды көріп, артынан барған.

«Қыз бала көмек сұрап айқайлап жатты. Мен барып, ана адамнан арашаладым. Оны ұрып жібердім десе де болады (өз сөзі - ред). Ол адам ұсталды. Кейін мені шақырып ол адамды танитынымды сұрап, беттестірді. Қыз жылауын тоқтатпады. «Жылама, бәрі жақсы болады», деп жұбатып, үйіне жеткізіп салдым. Ата-анасы алғысын білдірді. Қыз қазір ауруханада жатыр. Ол да біздің мектепте оқитын қыз», - деді 11 сынып оқушысы.

Тимур Жамалладинов Түрген ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы. Оның бұл ерлігі үшін Алматы облысының әкімі Амандық Батталов оқу грантын тағайындады.

«Менің арманым - мал дәрігері болу. Оқу грантын тағайындап жатыр ғой, алғыс айтамын. Бірақ, өзімді сынап,  ҰБТ тапсырып көрмекпін», -  дейді Тимур.

Жиын соңында ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі Тимур Жамалладиновке ақ жол тілеп, батасын берді.

Еске сала кетейік, 14 сәуір күні Алматы облысы Еңбекші қазақ ауылында 8 жасар қызды зорламақ болған 32 жастағы адамнан сол ауылдағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Тимур Жамалладинов құтқарып қалған болатын. 
null  

Соңғы жаңалықтар