Алматыда Наурыз мерекесі жалғасын тапты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар Наурыз мерекесін тойлауды жалғастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 23 наурыз жаңбырлы басталғанымен түсткен кейін күн ашылып, мереке көркі қыза түсті. Алматының«Астана» алаңында тігілген инсталляциялар  «Кереге құрақ», «Қос», «Абылайша» ұлттық мұраларымызды тарих қойнауынан алып келгендей әсер қалдырды.

Алаңда тігілген, қазіргі уақытта түрлі тарихи фильмдерде қолданылып жүрген «қос» пен «абылайша» көшпелі елдің тарихи мұрасы екенін дәлелдеп тұрғандай. Алматыға келген америкалық турист Джон Петер көшпенді дәуірінің куәсі болғандай әсер алғанын айтты.

«Бұл -тамаша! Қазақ халқының мәдениеті терең. Көшпенді рухы әлі де биік екенін көрдім», - дейді шетелдік қонақ.

Алматының қайта жөндеуден өткен Панфилов, Жібек жолы көшелері мерекеде ерекше безендіріліп, халықтың демалуына ыңғайлы бола түскен. Аталған көшелерде әлем халықтарының шеберханалары орнатылып, ісмерлер мен шеберлер қолөнер бұйымдарының қалай жасалып, қандай өңдеуден өтетінін қарапайым халыққа түсіндірді. Шеберханаларда қыштан ыдыс-аяқ, тұрмыстық  бұйымдар жасалып, керамикаға ою салынды, жібек жіптен кесте тігілсе, халық санасынан көше бастаған ортеке мен шырдақ бойынша шеберлік сыныптары өтті. Сонымен қатар, қылқалам шеберлері кескіндеме мен сурет өнерінің қыр-сырын танытты. Бұған дейін хабарланғандай, Гинестің рекордтар кітабына енгелі отырған тігіншілеріміз 25 мың шаршы метрді құрайтын құрақ көрпені тігуді жалғастырды.

Шаралар студент жастардың танымын арттыра түскендей.

«Наурыз мерекесінде тек той тойламай халқымыздың мәдениеті бай екенін, талай дүниелеріміз жаңғырып жатқанын білдік. Халқымыздың асыл мұралары, киім үлгілері, тұрмыс-тіршілігінде қолданған бұйымдары біздің санамызды байыта түсіп, жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтап қалуға ықпалын тигізетіндей», - дейді Аида есімді студент.

Сонымен қатар, бүгін кешке Қайрат Нұртас тегін ән кешін өткізеді. Осыған байланысты тәртіп сақшылары Алматыда қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар