Алматыда Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыруға арналған қалалық конференция өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыруға арналған қалалық конференция өтті.

Алматы технологиялық университетінде ұйымдастырылған іс-шараға қалалық жастар саясаты басқармасы, Алмалы ауданының әкімдігі, сонымен қатар, қаладағы жоғары оқу орындарының өзін-өзі басқару студенттік органдары, жастардың қоғамдық ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Еліміздің ертеңі - жастар. Елбасы өзінің биылғы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында жастарға үлкен үміт артатындығын жеткізді. Сондықтан, Тәуелсіздіктің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдыру жолында ешқандай қиындыққа қарамай, қажырлы еңбек ететін, қоғамдық мәселелерді шешуге барынша атсалысатын уақыт жетті. Жаңа қазақстандық патриотизм бұл - Мәңгілік Ел идеясы. Ол - ұлы құндылық! Елдің біріктіруші күші. Осы жолда Елбасының сенімін ақтау - сіздер, жастардың алдағы ең басты мақсат-міндеттеріңіз» - деді өз сөзінде АТУ-дың тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин.

Сонымен қатар, конференция барысында жастарға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдарына орай әр түрлі ұсыныстар айтылды.

«Бүгінгі таңда жастарды, әсіресе жұмыспен қамту ісі өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл жерде, білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы сәйкессіздік пен алшақтықтың себебінен, жоғары оқу орындарын бітірген жастар сол алған білімдерін өндіріс орындарында пайдалана алмай келеді. Жастар ұйымдары осы мәселеге баса назар аударып, осындай отырыстар ұйымдастырып, өз ойларын ортаға салулары тиіс» - деді өз кезегінде ВТБ Қазақстан банкінің сату және жеке тұлғаларға қызмет көрсету бөлімінің бастығы, Жастар кеңесінің бұрынғы төрағасы Арман Бекебаев.

Айта кетелік, «"Жастар - азаматтықтың үлгісі және олардың қоғамдағы рөлі» атты аталмыш конференцияны ұйымдастырған АТУ Жастар ісі жөніндегі кеңесінің құрылғанына биыл 15 жыл толды.

Соңғы жаңалықтар