Алматыда Қырғызстаннан арзан көлік жеткіземін деп жұртты алдаған күдікті ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Полиция алматылықтарға Қырғызстаннан арзан көлік әкеп беруге жалған уәде берген күдікті ер адамды ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Күдікті Қырғызстаннан арзан бағамен автокөліктер тасуға уәде берген, ол үшін автокөлік құнының жарты құны көлемінде алдын ала төлем жасауды талап еткен. Ер адам ақшаны алып, көршілес республикаға кеткендей кейіп танытып, жасырынып жүрген. Анықталғандай,  күдікті ауызша уағдаласқан міндеттемелердің ешбірін орындамаған», - деп хабарлады Алматы қаласы Бостандық ауданы ІІБ басшысы, полиция подполковнигі Берік Әбілбеков.  

Құқық қорғау органдарының деректері бойынша, ұсталған күдікті жолыққандарға ауқатты іскер адам ретінде таныстырған. Кей тұрғындар оған жұмысқа орналасу, жылжымайтын мүлікке құжаттарды рәсімдеу, мемлекеттік органдардан анықтама алу бойынша өтініш білдірген. Күдікті оларға ақылы негізде көмектесуге уәде бергенімен бірақ сөзінен тайқып кеткен.

Күдікті Ш. есімді азамат 1976 жылы туған, ол өзі тұратын және тұрғындардың көпшілігін алдап соққан Алматы облысы Іле ауданында ұсталды және ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Қазіргі уақытта ол бірнеше қылмыстық іс бойынша айыпталуда, күдіктінің қатысы бар 50 қылмыстық эпизод анықталды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлігі бойынша жүріп жатыр.  

Соңғы жаңалықтар