Алматыда инклюзивті балалар алаңы ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Рухани жаңғыру» Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағында балаларды бейімдеуге арналған инклюзивті алаң ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл кешенге қажет қаражат былтыр желтоқсанда меценаттар мен «Дара» қоры ұйымдастырған қайырымдылық аукционында жиналған еді.

«Барлық балаларға қожетімді  мұндай алаңдарды Алматыда және басқа  қалаларда ашуды жоспарладық. Мұндай кешендердің жабдықтарын  отандық  жеткізушілерден алуды ұйғарудамыз, соның арқасында Алматыда балалар үшін тегін әрі  еш кедергісіз  алаңдар көп болады деген сенімдемін», - деді «Дара» қорының Алматыдағы директоры Айнаш Қасенова. 

480 шаршы метр аумақта созылып жатқан алаңда балдырғандардың өсіп- жетілуіне оң әсер ететін төбешігі және кең пандусы бар ойын кешені, бейімдеу каруселі мен құмдық, музыкалық компоненттер, фитнес-тренажерлер бар.

Тренажерлер мен ойын элементтері вестибулярлы және есту қабілетін арттырады, дене қозғалысы мен тактильлі сезінуді жақсартады. Ақпараттық панелдер Брайлдің тактильді шрифтін ұсынады,  қимыл тілін, PEKS карточкасын көрсетеді, ерекше балдырғандарға өзгелердің тілін ұғына білуді үйретеді.

«Мен қайырымдылық шарасы барысында осындай маңызды жобаны жүзеге асыруға жететін қаржы жинағанымызға мақтанамын. Бұл кешенге 20 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалды», - деп атап өтті жоба демеушісі Жанна Кан.

Қалада «Менің ауламдағы спорт» әлеуметтік жобасы аясында 5,5 мың баланы қамтитын 75 спорт алаңы, ал воркауттар үшін 28 спорттық қондырғы жаңартылды. Әр ауданда  биыл қыста тегін мұз катоктары пайда болады.

Алматы қаласы Білім  басқармасының ақпараты бойынша, қалада  қазіргі кезде 4 психологиялық- медициналық консультация, 7 психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті жұмыс істейді.

Жыл аяғына дейін Наурызбай ауданында осындай консультация мен кабинет ашу жоспарланған. Биылғы жылдың мамыр айында ерекше қамқорлықты қажет ететін  азаматтар үшін Алматының флористика технологиясы колледжінің базасы негізінде кәсіби білім берудің Ресурстық орталығы  ашылған еді.

Үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде психологиялық- медициналық консультацияда - 4576 балдырғанға, психологиялық-педагогикалық коррекция кабинетінде 984 балаға қажетті  көмек  көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар