Алматыда Ермек Серкебаевқа құрмет көрсетілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың есімі мәңгі есте қалуы үшін Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің Үлкен концерт залына оның аты берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай бастаманы колледж директоры Біржан Хасанғалиев ұсынған.

«Әр оқу орны өзінің талантты түлектерімен мақтанады. Алматы музыкалық колледжінде Құддыс Құжамьяров, Әлібек Дінішев, Нағима Есқалиева сынды Қазақстан мәдениетінің дамуына үлес қосқан танымал адамдар оқыған. Сол түлектердің ішінде Ермек Серкебаевтың орны бөлек. Біз Үлкен залға Ермек Серкебаевтың есімін бере отырып, оған деген құрметімізді танытып қана қоймай, жас ұрпақтың өнер жолына жарық шам жақтық деп ойлаймыз», - деді Біржан Хасанғалиев.

Үлкен залға Ермек Серкебаевтың есімін беру салтанатты жиынына КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ҚазССР Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев және Ермек Серкебаевтың ағайын-туыстары қатысты.

«Осы шараны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Ермек өз халқының әншісі болды. Біздің мәдени деңгейімізді биікке көтерген адам. Колледждің әр оқушысы осы ғимарат қабырғасында дарынды адамдар оқығанын мақтан тұтады деп ойлаймын», - деді ҚР Халық әртісі Мұрат Серкебаев. 

Соңғы жаңалықтар