Алматыда 11 жасар баланы өлтірді деген күдікпен оның өгей шешесі ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда денесі табылған 11 жасар Өркен Азаматұлын өлтірді деген күдікпен оның өгей шешесі ұсталды. Бала 2-3 күн бұрын жоғалып кеткен еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2005 жылы туған Азамат Өркенұлын ұрлап кетіп, кейін оны өлтірді деген күдікпен оның өгей шешесі - 1980 жылғы А. есімді азаматша ұсталды», делінген хабарламада.

 Еске сала кетейік, 6 сынып оқушысы 19 қаңтар күні мектептен шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Сол күні кешке баланың әжесі оның жоғалып кеткені жайлы полицияға шағым түсірген.

Өткен түні баланың денесі Наурызбай ауданында орналасқан саяжайлардың бірінен табылды. Оны марқұм Азаматтың өгей шешесі жалға алып қойған.

Алдын ала болжам бойынша, баланы қылқындырып өлтірген. Одан басқа баланың денесінің көптеген жерінен пышақпен салған жарақаттар табылған. Ауыр қылмысының іздерін жасыру үшін әйел баланың денесін сол үйдің жертөлесіне көміп тастаған.

Жедел іздеу жұмыстары барысында қылмысқа қатысы бар тағы 4 адам қолға түсті. Олар баланы ұрлаған және оның өліміне қатысы бар. Күдіктілер қаладан кетіп қалуға тырысқан, бірақ сақшылар оның алдын алған.

Алмалы ауданы ІІБ қызметкерлері өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық экспертиза тағайындады. Тергеу жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар