Алматы ТЖД өртенген үйден балаларды құтқарған қаңғыбас туралы ақпаратты жоққа шығарды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы ТЖД өртенген үйден балаларды құтқарған қаңғыбас туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

Қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұхамбетованың айтуынша, Мұқанов көшесіндегі №152  барак типтес үйде 6 отбасы тұрады.

Өрт болған кезде отбасы мүшелері түгел үйде болған.

«Бұл үйде жас шамасы 10 айдан 14 жас аралығындағы 14 бала тұрады екен. Өрт күшейген кезде ата-аналары өздері балаларды сыртқа шығарып, одан кейін «Бөгенбай батыр, 218» мекенжайындағы көршілеріне апарған. Тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей, олар ешқандай қаңғыбас адамды көрмеген», - деді Сандуғаш Баймұхамбетова.

Айта кету керек, төтенше оқиға 18 қараша күні Алмалы ауданында болған.

Өрт туралы хабарлама «101» нөміріне таңғы 10:09-да «Мұқанов көшесі, 152» мекенжайында орналасқан  жер үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен.

Тілсіз жау шамамен 300 шаршы метр аумақты шарпыды. Онымен күрес барысында салтанатты шаралар мен мерекелерді ұйымдастырумен айналысатын «Шар дизайн» ЖШС ғимаратынан 37 геллий баллоны (бос), жер үйден көлемі 27 литрлік 4 газ баллоны шығарылды.

Өрттің шығу себебі анықталуда. Зардап шеккендер жоқ.

Бірқатар БАҚ сол күні 10-нан астам баланы тұрғылықты мекенжайы жоқ қаңғыбас өрттен құтқарды деп хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар