Алматы тұрғынына қарулы шабуыл жасау туралы іс полицияның бақылауында

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция Үлкен Алматы өзені маңында әйелді пышақпен қорқытып тонаған екі белгісіз адамды іздеп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл істі Алматы ІІД басшылығы жіті бақылауына алған. Қазір Бостандық АІІБ  «тонау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

«Қазіргі таңда полиция осы қылмысты тергеп жатыр. Бұрын сотталғандар, құқық қорғау органдарының есебінде тұрғандар тексерілуде. Оқиға болған жерге жақын маңдағы құрылыс нысандары, видеобақылау жүйесі тексеріліп жатыр. Бұдан бөлек, куәгерлерді анықтау және дәлелдер жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді Алматы ІІД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек.

Еске салайық, алматылық Алуа Рахымжанова Facebook парақшасында анасының 10 желтоқсан күні түнгі сағат 22.00-де Әл-Фараби даңғылы мен Навои көшесі ауданында Үлкен Алматы бөгетінде серуендеп жүргенін жазған. Сол кезде әйелдің жанында екі жас жігіт жүгіріп келіп, оны итеріп, тамағына пышақ тақап қорқытады. Қызының айтуынша, олардың біреуі анасын ұрып, қараңғы жерге сүйреп алып бармақ болған. Кейін бұзақылар оның ұялы телефонын тартып алып, оқиға орнынан ізін суытады.

«Ол қатты есеңгіреп, ауырғанын да сезбеген. Мен оның аяғының қанап жатқанын байқап, жедел жәрдем мен полицияны шақырдым. Анам телефонсыз жол бойы жараланған аяғымен үйге келген, оған ешкім көмектеспеген», - деп жазды зардап шегушінің қызы.

Зардап шегушінің шағымынан кейін полиция аймақты тексеріп, күдіктілерді іздеп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар