Алматы тауларындағы арнасынан асуы мүмкін 4 көл құрғатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Юрий Ильиннің Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне жасаған жұмыс сапарында қала маңына аэробақылау жүргізіліп, таудағы көлдердің жағдайы және Үлкен Алматы көліне (ҮАК) барар жолдағы шатқалдарды нығайту, «Мыңжылқы» бөгенін қайта жасау жұмыстары тексерілді. Арнайы жүргізілген шараға «Қазселденқорғау» МБ мен қалалық әкімдік өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ТЖД-нің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, таудағы 36 көлдің ең қауіпті 9-ын босату жұмыстары 30 маусымнан бері жүргізіліп келеді. Жаз басталғалы бері «Қазселденқорғау» мекемесінің есептері бойынша, 4,3 млн текше метр суды ағызу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта көлдерге құятын су арналары тоқтатылып, көлдер құрғатылған. Бүгінгі таңда 9 көлдің 4-еуі құрғақ.

ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аэробақылау кезінде делегация СЭС-1 ҮАК учаскесіндегі жол бойындағы қауіпті шатқалдардағы тастарды бекіту жұмыстарын көрген. Тас құламау үшін темір торлар тартылған. Айта кетерлігі, темір торлар қазақ-жапон бірлескен «Tokyo Rope Almaty» компаниясынан алынған.

Сондай-ақ, тікұшақ «Мыңжылқы» бөгеніне қонып, онда жүргізіліп жатқан қайта жасау жұмыстарын көрді. Қайта жасалып жатқан бөген енді 500 млн текше метр суды бөгеуге қауқарлы болмақ. Бұған дейінгі оның су бөгеу мөлшері 220 млн текше метр болатын.

Соңғы жаңалықтар