Алматы студенттері өз есімдерін латын әліпбиімен жазып көрді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы көлік және коммуникация колледжінде латын әліпбиінің жаңа нұсқасына қатысты жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқу орнының студенттері өз есімдерін жаңа латын әліпбиінің нұсқасымен жазып көрді.

Жиын барысында ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын топтарда латын әліпбиі бірінші енгізілетіні айтылды. Бұл туралы оқу орнының директоры Сейітбек Сүлейманов айтты.

«Біздің колледжде бірнеше топ бар. Оларда сабақ тек ағылшын тілінде өтеді. Латын әліпбиінің қабылданған нұсқасы бірінші кезекте осы топтарға енгізілетін болады», - деді С.Сүлейманов.

Айта кету керек, түсіндіру жұмыстары Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ауқымды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткізілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу мәселесін алдағы жылдарда мықтап қолға алу керектігін айтқан болатын. 

«Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», - деген болатын Мемлекет басшысы.

Талқылаудан соң студенттер өз есімдерін латын әліпбиінде жаза бастады.

«Бүгін жастарға латын әліпбиінің екінші нұсқасы таныстырылды. Қалай болғанда да жастар осындай реформаны тез қабылдайды. Олар өзгерістерге дайын. Мұнда тиімді тұстары өте көп. Мәселен әлем әдебиетіне жол ашылады», - деді «Нұр Отан» партиясы Түрксіб аудандық бөлімшесі төрағасының орынбасары Нұрланбек Әжібаев.

Еске сала кетейік, жуырда Мемлекет басшысының назарына латын әліпбиінің екінші нұсқасы таныстырылған болатын. Мұнда қазақтың төл дыбыстары дәйекшемен таңбаланған. 

Соңғы жаңалықтар