Алматы облысында жұмыссыздар тегін біліммен қатар шәкіртақы алады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Текелі қаласында  жұмыссыздарды тігін ісіне тегін оқытатын оқу орталығы ашылды. Азаматтар тегін біліммен қатар, мемлекеттік шәкіртақы да алатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқу орталығы 2017-2021 жылдарға арналған «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында  ашылған. Мақсат -жұмыссыздарды  қысқа мерзім ішінде оқытып, ісін дөңгелетуге мүмкіндік беру.

«Текелі барыс» кәсіпорнының басшысы Әйгерім Сәкенқызының айтуынша, қазіргі таңда 30 адам орталықта жаңа мамандық алуға ниет білдіріп отыр.



«Оқу орталығында сабақтар мен тәжірибелік оқулар өткізуге арналған бөлмелер бар. 13 тігін машинасын, қажетті маталар мен материалдарды сатып алдық. Оқушылар білім алумен бірге тапсырыс алып, оны орындап отырады. Курстың соңына қарай қатысушылардың кейбірін компаниямызға жұмысқа алсақ деген ниеттеміз», - дейді кәсіпкер.

«Текелі барыс» ЖШС оқу орталығы Текеліде кәсіпорын базасында ашылып, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы оқу орталықтарының реестріне енген алғашқы мекеме. Кәсіпкерлер палатасының Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділовтың сөзінше, алдағы уақытта Текелі тау-кен өңдеу кешенінде де оқу орталығын ашу жоспарланған. Онда металлургия саласына қажетті мамандарды дайындайтын болады.

Айта кету керек, биыл Алматы облысында «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында қысқамерзімді білім курсы арқылы 500 адамды жаңа мамандыққа оқыту жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар