Алматы облысында су қоймасы салынады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат -Алматы облысының Сарқан ауданында су қоймасы салынады. Басқан өзенінен сыйымдылығы 80 миллион текше метрлік жасанды көл құрылысы келер жылы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гидронысан іске қосылса суармалы алқаптардың аумағы ұлғаяды. Оның үстіне қойма жанынан шағын су электр станциясын салу да жоспарланып отыр. Мамандар бұл шара өңірдегі жарық құнын арзандатуға ықпалын тигізеді дейді.

«Қазгипросушар» институты құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап қойған. Су қоймасы Екіаша ауылының маңында орналаспақ. Сондықтан мекеме өкілдері мен аудан басшылары елді мекен тұрғындарын жинап жобаның пайдасын түсіндірді.

«Су қоймасы салынып, қызметіне кіріссе, Ақсу қант зауытын шикізатпен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік туары анық. Ақсу мен сарқандық шаруаларды пайдаға кенелтер дақыл қант қызылшасы екені белгілі. Ендеше тәтті түбір көлемін арттыру жағынан алғанда, бұл қойманың басты міндеті диқандарды судан еш тарықтырмау»,- дейді «Қазгипросушар» мекемесінің директоры Анатолий Рябцев.

Әзірге гидронысанның техника-экономикалық негіздемесі дайын. «Қазгипросушар» институты жобаны жан-жақты зерттеп, жұмыс істеу жүйесін қағазға түсірді. Су қоймасын салуға 8 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалады деп жоспарланған. Құрылысы келер жылы басталып, 2020 жылға қарай аяқталады.

Соңғы жаңалықтар