Алматы облысында нөсер жауыннан соң екі ауылды су басты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында болған нөсер жауынның салдарынан Панфилов ауданындағы екі ауылды су басты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«Алматы облысының Төтенше жағдайлар қызметінен түскен ақпарат бойынша, 26 мамыр күні нөсер жауынның салдарынан Панфилов ауданының Көктал ауылында арналарда су деңгейі көтерілді. Ағын судың мол көлемде келуіне байланысты 46 аула мен 11 үйді су басты», - деп хабарлады ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Руслан Иманқұлов.

Ол таратқан мәліметтер бойынша, Төтенше жағдайлар саласы қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың  күшімен су басқан аймақтарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су әзірге келіп жатқан жоқ. Сонымен қатар осы күні сағат 17-00 мен 18-30 минут аралығында таулы аймақтарда  мол көлемде жауған жаңбырдың салдарынан Әулиеағаш ауылын да су басты. 

Соның салдарынан 7 аула мен 1 тұрғын үй су астында қалды. Аталмыш аймақтарда судан тазарту үшін Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 9 қызметкері мен 1 техникасы және жергілікті атқарушы органдардың 4 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.  Су басудың салдарынан құлаған немесе бұзылған құрылыс нысандары тіркелген жоқ. Сондай-ақ зардап шеккендер мен мерт болғандар да жоқ.  

Соңғы жаңалықтар