Алматы облысында 8 ауылдың мәдениет үйі үздік атанды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының ең үздік мәдениет үйлері мен клубтары анықталды. «Ауылым - алтын бесігім» деп аталатын конкурс 2 айға созылып, нәтижесінде 8 ауылдың мәдениет үйі жеңімпаз деп танылды. 

Олардың әрқайсысына 300 мың теңгеден ақшалай сыйлық сертификаты мен кешенді дыбыс аппаратуралары берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылда өтетін мәдениет күндері биыл атауын өзгертті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастауымен биыл аталмыш жоба «Ауылым -алтын бесігім» деген жаңа атауға ие болды. Байқаудың негізгі мақсаты  үздік ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарын анықтау. Аталмыш байқаудың  марапаттау рәсімі  Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Жеңімпаздарды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

 «Халқымыздың мәдени әл-ауқатын арттырмай, толыққанды ел болу қиын. Барлық өнердің бастауына айналған ауыл мәдениетінің болашағы - қазақ елінің рухани кемелденуі.  Сол себепті ауыл жұртшылығына деген көмегімізді аямай, қолдау таныту - біздің басты міндетіміз. Жыл сайын өтетін Мәдениет күндерін өткізу форматы биыл өзгертіліп, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары қамтылды. Бұл байқауға ауылдардағы 33 мәдениет нысаны қатысты, олардың барлығына да сыйлықтар беріледі. Әр ауылда, әрбір елді мекенде үлкендер үшін де, жастар үшін де клубтардың, мәдениет үйлерінің болғаны маңызды. Сол мақсатта жұмыс жүргізіп келеміз. Облыстағы мәдениет нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеудің өзіне ғана 1,1 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта да бірлесіп атқарған істеріміз жемісті болсын! Мәдениетімізді, баға жетпес өнерімізді насихаттау жолындағы еңбегіміз еселене берсін, - деді Амандық Баталов. 

Салтанатты рәсім барысында қатысушылардың барлығы да марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Мәселен, 10 ауылдық мәдениет үйі мен клубтарға дыбыс аппаратурасы сыйға тартылса, қалған 15-іне  барлық қосалқы құрал-жабдықтарымен бірге компьютерлер тарту етілді.

Айта кету керек, Алматы облысында 563 мәдениет нысаны мен архив бар. Биылғы жылы мәдениет саласының бюджеті 8,3 млрд теңгені құрады. Қазіргі кезде Сарқан аудандық мәдениет үйі, Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылындағы, Сарқан ауданы Бақалы ауылындағы ауылдық мәдениет үйлері, Талдықорған қаласындағы мемлекеттік архив ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, сол сияқты 5 мәдениет нысанының жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Соңғы жаңалықтар