Алматы дəрігерлері əйелдердің сүт безі обырынан тексерілуге салғырттығын айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тексерілген әйелдердің 39 %-ынан сүт безі қатерлі ісігі алдындағы аурудың белгілері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық №11 емхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда 1 қарашаға дейін әйелдердің сүт безін тексеру бойынша скринингтік бақылау мен профилактикалық тексеру шаралары жалғасатын болады.

Мамандардың айтуынша, әйел қауымы арасында сүт безі қатерлі ісігі барлық көрсеткіштер бойынша алда тұр.

«Жыл басынан бері 1544 әйел скринингтік тексеруден өткен. Оның ішінде 600 әйелде сүт безінің  қатерлі ісік алдындағы белгілері анықталған. Бұл барлық қаралғандардың шамамен 39 пайызын құрайды. 4 әйелдің сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққаны расталды. Бұл келіншектер қазір маммолог мамандардың емін қабылдап жатыр. Қазір олардың жағдайы бірқалыпты. Мұндай көрсеткіштер әйелдердің денсаулығын жиі тексеріп тұру қажеттігін көрсетеді», - деді №11  қалалық емхананың профилактика бөлімінің меңгерушісі Жиғагүл Сұлтанова.

Айта кету керек, профилактикалық тексеру 2011 жылдан бастап тіркеу  орны бойынша тегін өткізіледі.

«Бұл тексерілуге 52, 54, 56, 58 және 60 жастағы әйелдер келуге міндетті. Сүт безінің маммографиясы жасалады.

Өзгерістер анықталған жағдайда маммолог тексереді. Біз тіркеудегі әйелдерге қоңырау шаламыз, шақырамыз. Алайда әйелдердің белсенділігі төмен», - деді емханадан.

Соңғы жаңалықтар