Алматы билігі орталықты қайта жасауға 8 млрд теңге жұмсаған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қаланың тарихи орталығындағы 5 көшені қайта жасауға 8 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы блог тур барысында Қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмасхан Ахметжанов айтты.

Оның айтуынша, жұмыс әлі толық бітпегендіктен, қаржы да толық игерілген жоқ.

«Осы 5 көшені қайта жасау жобасының құны  8 млрд теңге. Негізгі сома граниттен жасалған кеспетастарға жұмсалды. Өйткені, қалыңдығы 8 см болатын гранит тастардың төзімділігі өте мықты. Жарамдылық мерзімі 50 жылға дейін жетеді. Сондықтан, бұл жай асфальт төсей салуға жатпайды. Пайдаланылған материалдардың төзімділігі жобаның басты бағыттарының бірі», - деді  Алмасхан Ахметжанов.

Қала әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Тимур Базарбаев көшеде неліктен ағаш отырғызылмағанын айтып өтті.

 «Гранит төсемелердің үстінен ағаш отырғызатын арнайы орындар белгіленген. Қазір отырғызбаған себебіміз, тал жерсініп өсіп кетуі үшін күзгі мезгіл тиімді. Қазір отырғызсақ, олар өспей қалуы мүмкін. Ал, арнайы орындарды ашық қалдырмаған себебіміз, ол жерге адамдар қоқыс тастап ластамасын деген мақсат болды. Биыл қазан айында Жібек жолы көшесіне дейін жөке, үйеңкі, шетен сияқты 1100 тал отырғызылады. Тағы 700 тал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында отырғызылады», - деді Тимур Базарбаев.

Панфилов көшесінде қазір орындықтар, түрлі архитектуралық пішіндер қойылған. Көше шамдары жаңартылған.

Панфилов көшесі бойымен Қабанбай батыр көшесінен бастап Жібек жолына дейінгі аралықта демалатын орындар, спорт және балалар алаңдары, абаттандырылған веложолдар пайда болған. Сондай-ақ, жаяу жүргін жолында құрғақ субұрқақтар іске қосылған. Арық жүйелері жаңартылып, барлық инженерлік инфрақұрылым алмастырылды.

Көше ашылғалы бері бұл жерде тұрғындар, қонақтар демалыс уақыттарын өткізіп жүр.

Ала жаздай жүргізілген жұмыстардың арқасында қаланың тарихи орталығының 1/3 бөлігі қайта жаңғыртылды.

Соңғы жаңалықтар