Алматы әкімі 70 мың пәтерге жылу беретін қазандықтың жұмысын тексерді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек жаңартылған Оңтүстік-Шығыс қазандығының жұмысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек жергілікті бюджет есебінен қайта жаңарған «Алматы жылукоммунэнерго» ЖШС-не қарасты Оңтүстік-Шығыс қазандығын қарап шықты. Жаңғырту жұмыстарынан кейін қазандықтың жылу қуаты 25%-ға артқан.

Қалалық әкімдік енді мегаполистегі мыңдаған пәтерге жылу тұрақты беріліп қана қоймай, жаңа абоненттердің қосылуына да мүмкіндік туғанын жеткізді.

«Оңтүстік-Шығыс қазандығын күрделі жөндеуден өткізу гидравликалық шығынды азайтты, кәсіпорын қуатын 168-ден 208 Гкал/сағатқа көбейтіп, тұтынушыға жылу беру сапасын арттырды. Соның арқасында 40 көппәтерлі тұрғын үй жылу желісіне қосылды. 1979 жылы іске қосылған қазандыққа биыл алғаш рет ауқымды қайта құру жұмысы жасалып отыр. Жаңғырту жұмыстары бір жыл бойы жүргізіліп, оған 3 млрд теңге бөлінді. Қазандықтың суытатын құбыры, бақылау-өлшеу қондырғылары, автоматика, суды химиялық тазалау жабдықтары түгел жаңарды. Жиілікті реттейтін энергосыйымды желі насостарын ауыстыру арқылы электр энергиясын үнемдейтін болдық», - деді қала әкіміне қарата айтқан сөзінде қалалық Энергетика басқармасының басшысы Ермек Үсенбаев.

Бүгінгі күні Оңтүстік-Шығыс қазандығы 70 мыңнан астам пәтерге, 700 заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Қала жылуының 9%-ға жуығын беретін қазандық газбен жұмыс істейді. 

Айта кетейік, Алматы қаласында биылғы жаз маусымында инженерлік желілерді қайта жасау мен салу барысында ауқымды жұмыстар жүргізілген болатын. Нәтижесінде, жалпы ұзындығы 761,3 шақырым инженерлік жүйе жаңарды. Оның ішінде, 313 шақырым су, 266 шақырым кәріз құбырлары мен 150 шақырым электр және 32,3 шақырым жылу желілері қайта жасалды.

Қалалық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, сумен қамтамасыз ету желілерін модернизациялаудан кейін құбырлардың тозуы 3%-ға, апат 4%-ға, шығын 5,2%-ға азайған. Қаланың 11 мыңнан астам тұрғыны сумен қамтудың орталықтандырылған жүйесіне қосылған.

Фото almaty.gov.kz

Соңғы жаңалықтар