«Әлия» әніне 40 жыл: Оны ең алғаш кім орындаған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл ең атақты «Әлия» әнінің өмірге келгеніне 40 жыл толды. Даңқты композицияның өнер әлеміндегі алғашқы жетістіктері туралы ҚазАқпарат тілшісіне осы әнді жарыққа шығаруға септігі тиген адамдар айтып берді.

Ән авторы белгілі композитор Сейдолла Бәйтерековтің жұбайы Ләззат Ақанова-Бәйтерекова Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған «Әлия» әнінің алғаш рет қалай орындалғанын әрі қалай әлемдік сахнаға жол тартқанын есіне алды.

«Әлия әнін қанша адам айтты. Бірақ Роза Рымбаеваның орындауындағы баллада сарыны ғана Әлия Молдағұлованың ерлігін паш ететін сияқты. Роза мен Әлияның образдары біте қайнасып кеткен сияқты көрінеді маған. Концерттердің бәрінде тыңдарман қауымның тұрып қол соғатыны да содан деп ойлаймын», - деді Ләззат Аханова-Байтерекова.

Атақты «Әлияны» үлкен сахнаға алып шығып, әлемге танытқан Роза Рымбаева екені рас. Бір қызығы оны ең алғаш басқа әнші орындаған екен.

«Алайда, ең алғашқы рет оны Нағима Есқалиева орындаған. 1977 жылы студенттер арасындағы ән байқауында «Жетіген» ансамблімен айтып шықты. Әлия әні Бәкір Тәжібаевқа «Песня года-1977» фестивалінің лауреаты атағын әперді. Бұл ән Сейдолла Бәйтерековтің, Роза Рымбаеваның да тағдыры іспеттес.

Белгілі продюсер Мұрат Ирғалиев те өзінің естеліктерімен бөлісті.

«Мен сол кезде құрылыс отрядтары жастарының студенттік конкурсын әзірлеп жатқанмын. 1977 жыл болатын. Сол жылы Әлияны Нағима Есқалиева «Жетіген» ансамблінің сүйемелдеуімен айтты. Ал Розаның орындауында мен әнді Мәскеуде өткен «Песня года» фестивалінде тыңдадым. Роза Рымбаева Алматыға келген кезде қаланың көшелерінде клип түсіріп жатқан едік. Мен бұл әнді «Астана» байқауында филиппиндік әншіге бергем. Бұл конкурста 50 шетелдік әнші қазақ әндерін орындауы тиіс болатын. Филиппиндік Ладин Роксас «Әлияны» лирикалық жанрда орындап шықты. Ладиннің елінде әнді тыңдарман түсінуі үшін сөзін өзгерттік. Филиппин тіліндегі нұсқасында бір қыз гүлдер арасында жүгіріп жүреді. Сол кезде қара құстар келіп, айналаны өртей бастайды.  Жаңағы қыз жер бетіндегі гүлдерді сақтап қалу үшін жанын береді. Әнде Әлияның аты сақталды. Мұндай интерпретацияда филиппиндік Әлия сол елде хитке айналды», - деді Мұрат Ирғалиев.

Әлияны елге танытқан Роза Қуанышқызы әннің өз тағдырына қалай әсер еткенін айтып берді.

«Негізі бұл әнді ең алғаш орындаған «Гүлдер» ансамблінің сүйемелдеуімен Тілектес Нұрмағамбетов болатын. Ол кісі өзінің аранжировкасымен өз тонында айтты. Ал менің нұсқамды өзімнің жолдасым Тасқын Оқапов дайындап берген болатын. Әннің әуені, көлемі басқаша болып шықты. Мен Әлияның арқасында танымал болдым. Әлия әнінің шыққанына 40 жылдан асып кетті», - деді Роза Қуанышқызы.

Композитор Сейдолла Бәйтерековтың жары Ләззат Бәйтерекова атақты әннің 40 жылдығын Шымкент қаласында атап өтпекші. Бұл мерекелік шара композитордың мерейтойына арналмақ. 

null 

Соңғы жаңалықтар