Алдашбай Ерназарұлы Сыр бойындағы алғашқы ағартушылардың бірі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Алдашбай Ерназарұлы 1858-1936 жылдары Сыр бойында өмір сүрген, сол кезеңде жоғары білім алған зиялы азаматтардың бірі. Ол Ораз ахун Бекетайұлынан 17 жасқа дейін дәріс алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ахун туралы мәліметтерді ақынның немересі Мүтәліп Асановтан жазып алып, дайындаған Запа Дәулетбаев,-дейді осы деректерді беріректе қайта  жинастырып, көпке ұсынып жүрген қармақшылық жас  Нұрлыбек Сайымов.

Алдашбай одан әрі білімін тереңдету үшін Бұхараға баруына әкесі Ерназар келісім бермейді. Оның себебі әкесі көрші елдегі Керейт Көбдік бидің қызына құда түсіп, қалың мал беріп қойған екен. Бірақ Алдашбайдың есілдерті жоғары білім алу болады. Осы ойын анасы Ұлдайға айтады. Сонда анасы ақыл береді. - Балам, менің қолымда ақша жоқ, төрт өре ақ киіз бар, соны ал да бақырмайтын сары атанға мініп, кеше Бұхараға кеткен базаршыларға жетерсің,-дейді. Ананың ақылы балаға қона кетеді.

 Білімге құштар жас түн жарымында сары атанға мініп, ақ киізін теңдеп, ертеңіне Бұхараға шыққан базаршыларға жетеді. Керуен басы өмірден көрген, түйгені мол, қайырымды адам екен. Жас Алдашбайдың сөзін тыңдап, «Талабың құтты болсын, балам. Міне, өзім бастап бір үлесімді жолыңа байлаймын. Жолшыбай елге сенің хабарыңды айтып отырамын» - дейді. Жол бойы жалпақ Қызылқұмды жайлаған қалың елдің біріне қонып, екіншісіне түстеніп, керуен басы бойынан білім қуаты сезіліп тұрған Алдашбайға тағы да он алты қара жинайды.

 Бұхараның базарында 17 қараны керуен басы өз малдарымен бірге сатып, ақшасын Алдашбайға табыстап, елге қайтады.

Жас Алдашбай он жыл бойы Бұхарада әдебиет пәнінен дәріс алады. Шығыстың атақты жеті жұлдызының еңбектерін терең зерттеп танысады. 27 жасында туған еліне оралады. Жас Алдашбай оқуда жүргенде Көбдік бидің қызы бой жетіп хабар айтқанда «Оқуды бітіріп барам» деп қызға рұқсат береді.

 Сондағы ойы бұрын оқуға баруға келіспеген әкесі үйленген соң тағы да жібермей қалар деген сақтығы болады.

 Алдашбай он жылдан кейін келгенде Көбдіктің үшінші қызының бойжетіп отырған кезі екен. Ол  бұрын қыз үшін қалың мал берілді ғой деп барса, қыз әкесі оны басқа жерге атастырып қойған болып шығады. Көбдік би ешнәрсеге келіспейді. «Бұрынғы қалың малыңды қайтарып ал», - дейді. Білім іздегенді жастықтың желігіне балаған қыз әкесі келісім бермеген соң бір күні сәтін тауып Алдашбай қызды ат алдына өңгеріп алып қашады.

 Көбдік би қаладағы приставқа шағымданып, қыз бен жігітті қудырып алады. Ал, пристав қызға «қалаған жағыңда қаласың»,-дейді. Сонда Көбдік би:  - Қызым ойлан, күйеу табылады, ата-ана табылмайды,-дейді. Қыз ата-ананың ығына көшіп, ермей қалады.

Алдашбай бұл ісі жүзеге аспай, үйінде үш күн жатады. Алдашбайдың өзі әкесі де «елдің рәсімін бұзып қызды алып қаштың, қалың малды сол үшін қайтып бермейді»,-деп те ренжиді.

  - Енді қалың беруге әлім келмейді, балам, өз күніңді көр,-дейді. Сол кезде ойланып Алдашбай үш жерден мектеп ашуға келісім іздеп, бел буады. Шораяқтың ауылына барады. Алдашбайды көрген Шораяқ қуанғаннан ақ ту алып төбеге шығып, қырық үй ағайынын шақырып, қырық қара жинайды.

   Жиырма қараға Алдашбайды үйлендіреді де, жиырма қараға сол жерден бала оқытатын мешіт салдырады. Сөйтіп, Алдашбайдан Әбубәйір, Омар, Асан, Мұстафа, Қожахмет, Әбдіхамит деген балалар тарайды. Алдашбай ахунның әдебиетшілік әсерімен осы өңірден жүзден аса жырау, шайырлар араб қарпімен сауаттанып, Шығыс әдебиетімен кең танысуына мүмкіндік алған еді. Олардың ішінде ақындар Тұрмағанбет Ізтілеуов, Омар Шораяқов, Кете Жүсіптер бар. Алдашбай ахунның ұзақ жылғы ұстаздық еткендігі, одан 2 мыңдай шәкірт дәріс алғандығы ел аузындағы деректер бойынша анықталып отыр.

   1906 жылы Алдашбайдың ұстазы Ораз ахун Бекетайұлына үй там салынады. Оның алдында Сарқұм деген жерден сүйегі көшіріліп, 13 жылдан кейін  келген. Ораз ахун куйеу баласы Қалжан ахунның түсіне еніп, «мені су алуға айналды, сүйегімді көтеріңдер» деп аян береді. Сонан ел болып сүйекті ыза суы ала бастағанын көріп, осы күнгі «Ақжар» мен Ленин атындағы кеңшарлар аралығындағы тас жол бойына көшірілген. Ол кезде Дауылкөлден бастап шалқыған көл, жолбарыс жортқан ну қамыс, суында тайдай тулаған балық, көлінде сыңсыған құс болады екен. Бұл күндері ол жерлер көрген түстей өзгеріп, құба белге айналып отыр. Сол шалқыған су «Қарақтан» өтіп, жолшыбай сай-саланы толтырып Аралға құйған.

Ол кездері қыста қар қалың, жазда жауын мол болған. Сыр мен Қуаңның арасы «Жеті асар» алқабының гүлін көктем айларында адам басуға қимаушы еді деп айтып отырады қариялар. Жарықтық Ораз ахун 12 жылдан кейін мәйітін ашқанда денесі сол қалпында сақталыпты. Тірі адамдай сақал-мұрты өскен екен. Сол кезде көзбен көріп, есіткен адамдар Ораз ахун шын «әулие» екен деп тәнті болыпты. Үй там 6-7 жылдан кейін 1906 жылы салынған көрінеді.

  Алдашбай ахун кедейлерді егін салатын диқаншылыққа үйретіп, сол жерден қыш өртейтін шағын шеберхана салдырады. Алдашбай ахун Бұхарада он жыл оқыған кезінде ел ішіне қажет деген әр өнерден үйреніп келген. Біз бұрын арабша оқығандарды молда, ол тек дінді уағыздайды деп уақыт заңына қарай шошып келдік. Шын мәнінде олар көне тілде оқи тұра әр мамандықтың, әртүрлі кәсіп саласының қыры-сырын меңгеріп, шәкірттеріне сабақ ретінде үйретіп отырған.

  Алдашбай ахун 1936 жылы жаз айында 78 жасында туған жерінде дүние салады. Зираты Ленин атындағы кеңшардың оңтүстігінде, 3 шақырым жерде орналасқан. Сол кезде қожа, молданы тергеп, Сібірге айдап жатқанда бұл кісіге бірде-бір адам бір ауыз сөз айтпаған көрінеді. Ел аузында бұл кісі туралы жақсы пікірлер мен аңыздар көп. Марқұмды жерлейтін күні қаптап жатқан шегіртке бірден көтеріліп кетіпті, сол түні қаза шілдеханасында отырғанда жаз айында сыңсып жүретін сары маса да жатып қалыпты деген сөз бар.

 Алдашбай ахуннан оқып шыққан шәкірттер де бірнеше мектеп ашып, халықты сауаттандырған. Тоқетері, Алдашбай ахун Ерназарұлы Сыр бойындағы халыққа берген ерекше ұстаздық еткен алғашқы ағартушылардың бірі. Оның ұсталық, ақындық өнерлері де болған. Сондықтан Ораз ақынның шәкірті Алдашбайды халық «ахун» деп атаған. Мұндай ағартушылық қызмет жасап, елді сауаттандыру үшін орасан зор еңбек сіңірген белгілі адамдардың есімі туған жер, атамекен төсінде қайта еске алынып, кейінгі ұрпаққа үлгі боп қалуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар