Алдағы жексенбіде Астанада қар күні өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік қар күніне орай Астанада жексенбі күні балаларға арналған шаралар өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«21 қаңтар күні Астананың орталық паркінде - Дүниежүзілік қар күніне арналған балалар арасында түрлі жарыстар мен іс-шаралар өтеді»,-делінген Қазақстанның шаңғы жарысы ұлттық федерациясының хабарламасында.

Бұл мереке жыл сайын бір мезгілде әлемнің 30 мемлекетінде Халықаралық шаңғы федерациясының қолдауымен өтеді. Мереке жастар арасында шаңғы спортының танымалдылығын арттыру, саламатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаға қамқорлық танытуға үндейді.

Астанада Дүниежүзілік қар күні 2013 жылдан бері аталып өтіп келеді. Оған жыл сайын елдің барлық аймақтарынан 200-ге жуық шаңғымен сырғанаушылар қатысады.

Мереке бағдарламасында көңілді старттар, балаларға арналған шаңғы жарыстары, таза ауадағы қызықты балалар конкурстары, төбеден шанамен сырғанау, банан мен тюбингтерде сырғанау сияқты шаралар бар.

Шараға қазақстандық палуан, Гиннестің рекордтар кітабына енген спортшы Сергей Цырульников пен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионаттары мен универсиадалардың бірнеше мәрте жүлдегері Марк Старостин шақырылған.

Дүниежүзілік қар күні шарасына қатысу барлық балалар үшін тегін.

Соңғы жаңалықтар