Алаяқтықты кәсіп етіп келген қызылордалық қолға түсті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылордалық полицейлер адамдардың сеніміне кіріп, ірі көлемдегі ақшаларын жымқырып келген 35 жастағы ер адамды қолға түсірді, деп хабарлады ҚазАқпарат облыстық ІІД-ге сілтеме жасап.

Аталған азаматтың үстінен Қызылорда қаласының 11 тұрғыны шағымданған. Ол біріне жүргізуші куәлігін жасатып беретінін айтса, енді біріне жұмысқа тұрғызуға, арзан бағаға жер немесе автокөлік тауып беруге, көлікті тез арада тіркеуден шығарып беруге уәде етіп, ақшаларын алып, ізін суытып отырған. Азаматтарға келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллион 611 мың теңгені құраған.

Ірі көлемдегі шығынды азамат С.А.-ға келтірген. 2016 жылы оның «Mitsubishi Galant» маркалы автокөлігін сатып алмақ болып уәделеседі. «Анама көрсетіп келейін» деген желеумен оқиға орнынан бой тасалап, құны 720 000 теңге тұратын біреудің мүлкін заңсыз иемденген.

Қазіргі таңда аталған азаматтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оның алаяқтық әрекетінен зардап шеккен басқа да қала тұрғындарының жеке басы анықталуда. Егер де оның кінәсі толық дәлелденсе, онда мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айта кетерлік жайт, бұл қылмыстардың тіркелуіне тұрғындардың немесе жәбірленушілердің әлеуметтік жағдайларын түзеп беруге, атап айтқанда, жұмысқа орналасу, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, жеңілдетілген пайызбен несие алып беру, жер немесе пәтер алу жұмыстарына көмектесуге уәде еткен азаматтардың сөзіне алданып, оңай жолмен өз жұмыстарын бітіруге талпынулары себеп болып отыр. 

Соңғы жаңалықтар