«Алаш» партиясын тарих сахнасына шығарған тұңғыш жалпықазақ съезіне - 100 жыл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан тұп-тура бір ғасыр бұрын, яғни 1917 жылдың 21 шілдесінде Орынборда тұңғыш жалпықазақ съезі ашылған болатын. Торғай, Орал, Семей, Ақмола, Ферғана, Жетісу, Сырдария облыстары мен Бөкей Ордасының өкілдерінің басын қосқан съездің қорытындысы бойынша «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығарылған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Тарихшылардың сөзіне сүйенсек, қазақ зиялылары дәл осы съезде сол замандағы қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін көтерген. Міржақып Дулатұлының «Қазақ» газетінде: «Ресейде неше түрлі партия бар. Бірақ ешқайсысының бағдарламасы қазақ ұлтының мұрат-мүддесіне сай келмейді» деуінің астарында қазақ зиялыларының қазақ мүддесін көздейтін партияның құрылуын көптен күткенін аңғартады. Тарих ғылымының докторы Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, Райымжан Мәрсеков, Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалин қатарлы ұлт жанашыларлары бұдан бұрын 1913 жылы жалпықазақ съезін шақырып, ұлттық партия құру туралы бастама көтерген. Бірақ, бұған Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы тоқтау айтқан. Алаштың қос арысы жалпықазақ съезін сол уақытта шақыру қателік болатынын, патша үкіметі қазақ зиялыларын қуадалауды бастайтынын жақсы түсінген.

«Сол себепті Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде: «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» деген қазақтың сөзі бар. Сенің әрбір қадамыңды, әр сөзіңді аңдып отырған билік бар. Жарайды, сендер жалпықазақ съезін шақырасыңдар, онда саясат туралы сөз болмай қоймайды. Соның бәрі биліктің құлағына жетсе, сендердің әрқайсыңды жүргізбейді. Сондықтан бұл әңгімені қоя тұрыңдар. Уақыты келгенде көрерміз» деп жазған. Шынында да, Бақытжан Қаратаев, Райымжан Мәрсеков, Жаһанша Сейдалиндердің ұстаған бағытының стратегиялық және тактикалық тұрғыдан дұрыс еместігін уақыттың өзі көрсетті», - дейді Мәмбет Қойгелді.

Патша өкіметі құлап, ел іші екіге жарылған уақытта алашордашылар уақытты текке өткізбеуді мақсат тұтты. Алашорданың көшбасшысы Әлихан Бөкейхан туралы сөз қозғай келе алаштанушы Тұрсын Жұртбай былай дейді:

«1917 жылы Керенский: «Түркістан мен Дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға (яғни, қазақтарға - Т.Ж.) солай қарауымыз керек»,- деп мәлімдеме жасағаннан кейін Әлихан Бөкейханов ресми түрде кадет партиясынан шықты. Өйткені, бұл кезде қазақ арасында дербес партия құру мәселесі толық пісіп-жетілген еді. Әлихан Бөкейханов өзінің бұл шешіміне қатысты: «кадет партиясының мақсаты - ұлттық автономия жариялауға қарсы болғандықтан да, Алаш идеясына сәйкес келмегендіктен де, оның құрамынан шығамын» деген. Міне, бұл кез келген саясаткер ұстанатын күрес тәсілі».

Осылайша, 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында жалпықазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді. Тұрсын Жұртбай съезде көтерілген қазақ мәселелерін жіпке тізгендей былайша баяндайды:

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байыр­ғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді!

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек!

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс!

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстем­дігі болуы керек, яғни, Х.Дос­мұ­хамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлт­тық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс!

Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғы­лым­ға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек: «тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар (заң) жасалады».

1917 жылы 21 шілдеден 28 шілдеге дейін бес күнге ұласқан І жалпықазақ съезінде автономия алу мен бірден тәуелсіздік жариялау туралы әңгіме де Алаш зиялылары арасында қызу пікірталас тудырған. Съезде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов Қазақ Республикасы толық тәуелсіздігін жариялау керек деген талап қойған. «Алашорда» деректі фильмі сценарийінің авторы Болат Мүрсәлім бұл бастамаға Әлихан Бөкейхановтың көнбегенін айтады. Тарихшы Мәмбет Қойгелді де Әлихан Бөкейханның бұл талапқа қарсы дәйегін келтірген.

«Әлихан Бөкейхан сол тұстағы қоғамдық-саяси ахуалды өте терең әрі жақсы түсінген. Әлекең былай деді: «Қазақ жерінде қоныс аударушы орыс шаруалары мен орыс казактарының саны басым әрі олардың қолында қару бар. Және билік те солардың жағында. Біз әуелі оларды ішке тартып, «біз сендерді ешқайда қумаймыз, сендерге жаулығымыз жоқ, бірігіп мемлекет құрайық, бірлесіп әрекет етейік» деп оларға түсіндірейік. Сосын барып, тәуелсіздікті жариялайық» деген. Әлихан Бөкейхан ұстанымы дұрыс болатын», - дейді Мәмбет Қойгелді.

Демек, «Алаш» партиясының тарихын қаузасақ, Орынборда сонау бір ғасыр бұрын 21 шілдеде ашылған жалпықазақ съезін айналып өте алмаймыз. Қазақ зиялыларының мемлекетшілдік мүддесінің айқын түрде танытуы осы съезбен тікелей байланысты. «Алаш» партиясын тарих сахнасына шығарған тұңғыш жалпықазақ съезін қазақ зиялыларының мемлекет болу жолында жасаған маңызды қадамы деп айтуға болады.

Соңғы жаңалықтар