Ақын Қайрат Жұмағалиевтің 80 жылдығына орай жыр мүшәйрасы жарияланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына және белгілі қаламгер Қайрат Жұмағалиевтің 80 жылдығына орай «Нарын құмын аңсаған Қайрат ақын» атты республикалық ақындар мүшәйрасы жарияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жыр бәйгесіне ұсынылатын шығармалардың негізгі тақырыбы: «Қазақтың Қайраты» - ақынға арнау,  Нарын мен Жайық арасы; батыстағы баспасөз - облыстық газеттердің 100 жылдығы; еркін тақырып.

Өлең додасына жас ерекшелігіне қарамастан, еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Мүшәйраға бұрын еш жерде жарияланбаған үш өлеңін ұсынады. Авторлар өлеңдерінің электронды және қағаз түріндегі нұсқасын және толық аты-жөндерін, өздері жөніндегі мәліметтерді қоса жазып, 2017 жылдың 1 маусымына дейін жіберуге міндетті.

Өлеңдер ақынның сөз тапқырлығы, мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігі, тақырыптың ашылуы, ой мен қиялдың ұшқырлығы, идеялық мазмұнына қарай бағаланады.

Қазылар алқасының шешімімен мүшәйра жеңімпаздары анықталып, ұйымдастыру алқасы дайындаған дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады: Бас  жүлде - 100 мың теңге (біреу), І, ІІ, ІІІ жүлде және ынталандыру сыйлықтары.

Өлеңдерді мына мекенжайға жіберуге болады: 090000, Орал қаласы, Мұхит көшесі 57/1, 2-қабат.«Жайық Пресс» ЖШС. e-mail: [email protected]

Айта кетейік, Қайрат Жұмағалиев - қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 1937 жылы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келіп, 1959 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасында еңбек етіп, бас редактордың орынбасарлығына дейін көтерілді. 1985-1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарында аға редактор, бас редактор, 1993-1996 жылдары ҚР Парламенті Сенатының аударма-редакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші болды.

2009 жылы Батыс Қазақстан облысына қайта оралған ақын «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының кеңесшісі ретінде өмірінің соңғы күндеріне дейін қызметтен қол үзген жоқ.

Осынау жылдар ішінде отызға тарта кітап жазып, ұлт әдебиетіне орасан зор еңбек сіңірді. Елге белгілі өлең-дастандары өз алдына, әлем әдебиетінің жауһар шығармаларынан тәржімалаған аудармалары бір төбе.

Ақ Жайық өңіріне оралғаннан кейін еселі еңбек етіп, «Жарық дүние» атты кітабын шығарды. Осы жинағына кейінгі жылдары жазған өлең-толғаулары топтастырылды. Олардың басым көпшілігі атамекен, Ақ Жайық пен қайран Нарынға, осы өңірдің тарихи тұлғаларына арналды. Қайрат Жұмағалиев облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, әсіресе, жас буын өкілдерімен жиі кездесіп, ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлесін қосты.

«Жайық Пресс» ЖШС бұдан бұрын да ақын шығармашылығына арналған республикалық «Армысың, айналайын, Ақ Жайығым!» атты жыр мүшәйрасын ұйымдастырып, өткізген болатын. 

Соңғы жаңалықтар