«Ақылды» шамдар шығынды 60 пайызға азайтуға мүмкіндік береді - Астана әкімдігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі қолға алып жатқан «Көшені ақылды жарықтандыру» жобасы көше жарығына кететін шығынды бұрынғыдан гөрі 60 пайызға азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласының әкімдігінде «Цифрлық Астана: қазіргі жағдайы мен келешегі» тақырыбында өткен баспасөз мәслихаты барысында қалалық Инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбідхалықов мәлім етті.

«Олар электр энергиясын аз мөлшерде тұтынады. Жарықтандыратын түсі де өзгеше. «Көшені ақылды жарықтандыру» жобасы жоғары технологиялы құрылғыларды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Біріншіден, жаңа үдеріс шығынды бұрынғыдан гөрі 60 пайызға азайтады. Бұған қоса жарық шамы ілініп тұрған бағанның өзі озық технологияның бір элементі. Ол әкімдікке ауқымды мөлшерде ақпараттарды жинауға, атап айтқанда ауа райына, экологияға, шу құрылғыларына, көліктердің трафиктері бойынша мәлімет алуға көмек береді», -дейді Әлішер Әбдіқадыров.

Бүгінгі күнге дейін елордада 600 шам ауыстырылған. Жаңа шамдардың 6 айдан 15 жылға дейін қызмет етуге қауқары бар.

«Нақтырақ айтқанда, Қонаев - Мәңгілік ел, Достық - Нұрлы жол, Мәңгілік елден әуежайға дейінгі жолдарға жаңа шамдар орнатылды. Ол жақта көшенің қалайша жарықтандырылғанын ниет білдіргендер барып көре алады. Жалпы алғанда, қала бойынша 25 мың шамды ауыстыру керек. Бұл жұмысты біз мемлекеттік-жекешелік серіктестік сызбасы арқылы іске асыруды  жоспарлап отырмыз. Жуық арада конкурс жарияланады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар