Ақылбек Күрішбаев солтүстік өңірдегі биылғы егіннің шығымына алаңдаулы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев солтүстік өңірдегі биылғы егіннің шығымына алаңдаулы, хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде түскен қардың қалыңдығы шектеулі болып отыр, шамамен 10-15 см деңгейінде. Метеомәліметтер бойынша Ақмола облысында кешегі жағдай бойынша қардың қалыңдығы тек 18 сантиметрді құрады. Бұл өз кезегінде орташа деңгейден 70-75 пайызға төмен. Осы орайда ақпанда, наурызда қардан аса жоғары тиімділік болмайтынын айтуға болады. Сондықтан да табиғи қолайлы жағдайды күтеміз, яғни жазғы жауын-шашынға, әсіресе маусымдағы жаңбырға сенім артамыз», - деді А. Күрішбаев.

Бұл тұрғыда ректор университет ғалымдары фермерлерге қолдау жасауға дайын екенін атап өтті.

Айта кетейік, бүгін аталған университетте Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаевтың қатысуымен бірлескен кеңес өтіп жатыр. Жиын барысында облыс аумағында еңбек өнімділігін арттыруға қатысты ұсыныстар талқылануда.

Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміздің солтүстігінде негізгі астық өсіретін облыстарда агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жұмыстары С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арқылы іске асырылады.

Соңғы жаңалықтар