Ақылбек Күрішбаев аграрлық мамандықтарға қалалықтар неге көптеп түсетінін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев аграрлық мамандықтарға қаланың балалары неге көптеп түсетінін түсіндірді, хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мамандарды даярлауға қатысты шешімді қажет ететін мәселе бар. Шындығында да аграрлық оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар көбінесе ауылға бармайды», - деп тоқталды ректор.

Оның сөзіне қарағанда, аграрлық мамандықтарға қаланың балалары көп түседі. Себебі ҰБТ жүйесі бойынша жоғары балл жинағандар грантты иеленеді.

«Грантқа иелену үшін қаланың балалары аграрлық жоғары оқу орнына тартылады. Шынын айтсақ, бұған балалар айыпты емес, яғни осындағы кемшіліктер гранттарды үлестірудегі жүйеге байланысты», - деді А. Күрішбаев.

Бұл мәселені шешу үшін енді аграрлық мамандықтарға гранттарды бөлу жүйесі қайта қарастырылмақ.

«Сондықтан да жүйе қайта құрылмақ. Бұл ретте біздің ұсыныстар ескерілді, сәйкесінше Үкімет басшысы (Бақытжан Сағынтаев) қолдау білдіріп, Өмірзақ Естайұлы (Вице-премьер - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі) тиісті шешім қабылдады. Енді гранттардың 70 пайызы атаулы түрде ауылдық квота бойынша ауыл мектептерінің түлектеріне бөлінеді. Осы арқылы олар ынталандыру тетіктері арқылы ауылға меңгерген кәсібі бойынша барады деп ойлаймын», - деді ЖОО басшысы.

Айта кетейік, бүгін аталған университетте Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаевтың қатысуымен бірлескен кеңес өтіп жатыр. Жиын барысында облыс аумағында еңбек өнімділігін арттыруға қатысты ұсыныстар талқылануда.

Бұдан бөлек ректор шаруашылықтарға қажетті мамандарға қатысты пікір білдірді.

«Жастарға жағдай жасау керек, жергілікті жерлерде жағдай болмаса, онда жас мамандар бармайтыны анық. Осы орайда мамандарды Ақмола облысына алдын ала жоспарлап, шаруашылықтар өздері шақыруы керек. Яғни енді үлкен шаруашылықтардың тапсырысы бойынша жұмыс істеуге екпін қою қажет. Олар гранттарын өздері төлегеннен, біз мақсатты түрде мамандарды даярлап береміз. Осындай жүйемен жұмыс істесек, ауылдарда білікті мамандар жеткілікті болады», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, осы аптада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде аграрлық университеттердің түлектерін міндетті түрде ауылдағы жұмыстарға бағыттау шаралары ескеріліп отырғандығы айтылған болатын.

«Ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша грантпен білім алған түлектердің ауылдық жерде үш жылдық міндетті жұмысын өтеуін енгізу жоспарланған», - деді Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министріАрман Евниев.

Соңғы жаңалықтар