Ақтөбенің бас дәрігері перзентханадағы ана өлімінің себебін айтып берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық ауруханасындағы перзентханада жас ана қайтыс болып, бірнеше дәрігер жазаланды. Бүгін облыстың бас дәрігері ана өлімінің негізгі себебін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл өткен сайын Ақтөбеде ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендеп келе жатқанымен, қаңтар айында облыстық медициналық орталық перзентханасында 28 жастағы келіншек көз жұмды.  Ауруханада бас дәрігердің орынбасары жазаланып, оның қызметі төмендетілді. Ал бүгін облыстың өңірлік коммуникациялық қызметінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өлімнің негізгі себебін айтып берді.

«Жас ана ауруханаға түскен кезде жағдайы бірқалыпты болды. Ал босанған соң жағдайы күрт нашарлап кеткен. Босанған кезде жас ананың ағзасы әлсіреп, инфекция күш алып, асқынып кетуі мүмкін. Бұл жерде дәрігерлер диагнозды кеш қойып, кеш ота жасады. Кінәсі осы. Егер дер кезінде ота жасалса, жас ананың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болар еді. Қазіргі кезде сәби жақындарына берілді»,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Айта кетейік, жас ана өлімінен соң ауру тарихы талқыланып, жүргізілген ем қаралды. Тексеру нәтижесі бойынша дәрігерлердің кемшілігі бар екені анықталды.

«Жас анада септикалық шок болған. Іріңді токсикалық инфекцияға байланысты жағдайы күрт нашарлап кетті. Өлімнің себебі де осы», - деді Әсет Қалиев. 

Фото: ult.kz

Соңғы жаңалықтар