Ақтөбенің бас дәрігері хиджамаға қарсылық білдірді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Соңғы кездері адамдар қан алдырып, дін өкілдері хиджама жасап жүр. Бұл саланың бақылаусыз қалғанын айтқан Ақтөбе облысының бас дәрігері Әсет Қалиев санитарлық талап сақталмаса, арыз жазуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде адамдардың үйіне барып, хиджама жасайтын дін өкілдері көбейді. Бұл жарнаманы кез келген әлеуметтік желіден көруге болады. Құны 5 мың теңге болатын қызмет түрі медицинада дәлелденбеген, санитарлық талап сақталмаған соң қауіпті. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқамасының басшысы Әсет Қалиев үй жағдайында қан алдыруға қарсылық білдіріп, тұрғындардың арыз-шағымы түспей тексеру болмайтынын жеткізді.

«Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы лицензиясы бар медициналық емдеу мекемесімен жұмыс істейді. Қазіргі кезде хиджама тексерілмейді. Ешқандай ғылыми дәлелі жоқ, емнің тиімділігі нақтыланбаған. Сондықтан мен тұрғындарға хиджама жасатпауға кеңес беремін. Бірақ бұл қазір жеке бизнеске айналған. Арыз-шағым болмаса, барып, тексеру жүргізе алмаймыз. Егер «ем жүргізіледі, санитарлық норма сақталмаған» деп айтылса, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабар беруге болады. Басқарма прокуратурадан рұқсат сұрап, тексеру жүргізе алады»,- деді Әсет Қалиев.

Өңірде хиджамадан соң ауруы асқынған, ем алған адам тіркелмеді. Бірақ дәрігерлер бұл өте қауіпті ем деп отыр.

«Қанға, ашық жараға инфекция тез жұғады. Тіпті, адам емделемін деп В, С гепатиттеріне шалдығуы мүмкін. Қан алған кезде травматикалық шок болуы да ықтимал. Ол жерде санитарлық норма сақталмаса, жағдай оңай болмайды. Қан алдыратын орында реанимациялық жабдықтардың бәрі болуы тиіс»,- деп ескертті Әсет Қалиев. 

Фото: smotry-film.ru

Соңғы жаңалықтар