Ақтөбенің автобус өртенген трассасы қауіпті аймаққа жатады - ТЖД

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Автобус өртеніп, 52 адам қаза болған Ақтөбе облысындағы Самара-Шымкент тасжолы қыс мезгілінде қауіпті аймақ саналады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қыс басталғаннан Ақтөбе облысының автожолдарында 15 апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар мал бағып жүріп адасып кеткен адамдар да іздестірілді. Барлығы 147 адам құтқарылып, жылыту бекеттеріне жеткізілген. Ақтөбедегі төтенше жағдайлар қызметі Самара-Шымкент тасжолы ең қауіпті аймақ екенін айтып отыр.

«Самара-Шымкент тасжолының Ырғыз ауданы территориясы қауіпті аймақ саналады. Бұл жерде өте қатты жел болады. Еліміздің оңтүстігінен келе жатқан жүк көліктері, автобустар бұған дайын болмай шығады. Олар жазғы дизельді отын пайдаланады. Түнгі аязда Ақтөбе территориясына өтіп, жолда тоқтап қалған жағдайлар тіркелді. Сол кезде автобустардың жолаушыларын жылыту бекеттеріне апаруға тура келеді. Қазір «ҚазАвтоЖол» мекемесі жедел қимылдап, қатты аязда автожолда жүруге шектеу қояды», - деді Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Қасым.

Еске салайық, Ақтөбе облысы әкімдігінде өткен кеңесте ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықов қарды ұстап қалатын қалқандар тапшы екенін айтқан болатын. Сонымен қатар жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автобустарға өрт сөндіру құрылғыларын орнату ұсынылды.
null

«Республикалық, облыстық маңызы бар, аудандардағы жолдарда қар тоқтату құрылғылары аз. Республикалық тасжолдың 8 пайызында, ал облыстық жолдардың бар болғаны 2,5 пайызында қарды тоқтату құрылғысы бар. Әрі жолаушылар тасымалдайтын автобустарға өрт сөндіру құрылғыларын қондыру керек. 2016-2017 жылдары 12 жолаушылар көлігі жанып кеткен. Соңғы жағдай қайғылы аяқталды. Ресей тарапы қазір автобустарға өрт сөндіру жүйесін орнатып жатыр»,- деді ол.

Айта кетейік, қыс айларында жолдағы қауіпсіздік үшін 190 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыста 140 жылыту бекеті дайындалды. Сонымен қатар, 7 мың тоннадан астам инертті материалдар сатып алынды.

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар