Ақтөбеліктер жалған лицензия жасап, өндіріс орындарын сатумен айналысқан

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде жыл басынан бері ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюросының облыстық департаменті 100-ден астам істі тергеп, тең жартысын сотқа жіберді. Қазіргі кезде 16 адамға қатысты қылмыстық іске үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлық дерегі үш есе артып отыр. Басты себеп - үш жеке тұлғаға қатысты 22 эпизодтың анықталғаны. Яғни, үш ақтөбелік 2015-2017 жылдар аралығында жұмыс істемей тұрған компанияларды сатып алып, құрылыс мекемесіне жалған құжаттарды тапсырады. Сол арқылы құрылыс жүргізуге рұқсат беретін лицензияларды рәсімдеп, кейін сол компанияларды басқа адамдарға сатып жіберген.

«Бұл жерде құжат рәсімдеуге рұқсат берген құрылыс бөлімі заң бойынша жауапқа тартылмайды. Сондықтан Ұлттық бюроның облыстық департаменті Құрылыс комитетіне заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жолдады. Жалпы Ақтөбе облысында бірінші тоқсанда 50 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Оның 76 пайызы жемқорлық дерегі. Жалпы шығын 159 миллион теңгені құрап отыр. Денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, әділет департаменті, білім саласы, ішкі істер органдарының қызметкерлері жауапқа тартылды. Мәселен, ІІД Темір аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Т.Абдуллин қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып А.Таженовтен 350 мың теңге ақша алған. Ол құқық қорғау органдарына жұмысқа орналастыру үшін медициналық комиссиядан өткізіп, дене жаттығуы дайындығы кезінде көмектесуге уәде берген. Қазіргі кезде айыпталушы Т. Абдуллинге үш жыл алты айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Ол өмір бойы құқық қорғау саласында лауазымдық қызмет атқара алмайды»,- деді Ұлттық бюроның облыстық департамент бастығының орынбасары Камал Қабылбеков.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мұғалжар аудандық ішкі істер бөлімінің аға мемлекеттік көлік инспекторы Нұрдәулет Саршин жүргізуші куәлігінен айырылған адамдардың орнына емтихан тапсырып, істі болған. Оған да екі жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар