Ақтөбеліктер көп жағдайда тістеп алған ит пен мысықты өртеп жібереді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік ветеринарлар тістеп, тырнап алған ит пен мысықты, ауырған малды дер кезінде ветеринарларға тапсыруды сұрайды. Соңғы жылдары құтырма ауруының белгісі бар мал мен жануарлы өртеп, жойып жіберу әдетке айналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында биыл 471 адам жан-жануар мен малдан зардап шегіп, дәрігерлерге жүгінді. Оларды ит пен мысық тістеп, тырнап алған. Ірі қара мал мен жылқы тістегендері де бар. Түлкіден зардап шеккен адам оқиғасы да тіркелді. Биыл алдын алу шарасына, ату жұмыстарына барлығы 52 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Нәтижесінде 7 мыңнан астам ит пен 300-ден астам мысық жойылды.

«Ит тістеп, тырнап алған соң адамдар қорқып, «маған шара қолданады» деп ойлап, бәрін жасырып қалады. Өртеп, көміп тастайды. Құтырма ауруы бар ма, жоқ па деген сұрақтың жауабы табылмаған соң иесі вакцинаны толық алады. Бұл дұрыс емес. Халықты ақпараттандыру кезінде тістеген, тырнаған жануардан сынама алу маңызды екенін түсіндіру керек. Мәселен, Байғанин ауданының тұрғыны мал дәрігерін күтпей малды сойып, өртеп жіберген. Зерттеу жүргізген кезде малдан құтырма ауруы анықталмады. Бұл да шығын»,- деді Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Ветеринар дәрігерлер, зертхана мамандары да тістеп, тырнап алған жан-жануар басы жетпей жататын жағдайлар тіркелетінін жасырмады. Кейбірі  биоматериалды шірітіп жібереді.

«Зерттеуге қажетті материалдың көбі жарамсыз болып келеді. Барлық ауданда мұндай жағдай бар. Адамдар өртеп, шірітіп жібереді. Ит пен мысық болса түгел жеткізіп, ірі қара болса малдың басын әкелу шарт. Біз миға зерттеу жасап, құтырма ауруын анықтаймыз»,- деді республикалық ветеринария зертханасының облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлсім Найманова.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының Ырғыз, Шалқар, Қобда аудандарында құтырма ауруы анықталып, шектеу қойылған болатын. Қазір Ырғыз ауданындағы шектеу әлі бар.  

Соңғы жаңалықтар