Ақтөбеліктер баспаналары құлап кете ме деп үрейленіп отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі 6 қабатты тұрғын үйдің қабырғасына сызат түсіп, жарық күн өткен сайын ұлғайып барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы Мәскеу көшесінде тұратын адамдар дабыл қағып отыр. Соңғы айларда пәтер іші мен кіреберісінде адам саусағы сиятын сызат пайда болды. Бала-шағалы отбасы үшін баспалдақпен түсу, күн сайын сылағы кетіп жатқан төбені қарау, қабырғадағы сызаттың сантиметрін санау қиынға соғып тұр. 1988 жылы салынған үйде 106 пәтер бар. Сызат №17 пәтерде анық көрінеді.

«Біздің ас бөлме мен ваннамыздан сызат білінді. Бұл үш ай бұрын пайда болып, күн өткен сайын ұлғайып барады. Қатты қорқамыз. Түні бойы ұйықтай алмаймыз. Бір күні үй ортасына түсіп, біз үйінді астында қаламыз деп үрейленеміз. Баламыз үшін алаңдаймыз. Әкімдікке барған едік, бірақ нақты жауап болмады. Біреуі бұрын апатты деп танылып, тізімге алынған деді. Екіншісі апатты деп танылмаған, тұрғындар жеке компанияға тексеру жасатуы керек деп жауап қайтарды»,- қала тұрғыны Мөлдір Атшыбаева. 

Ақтөбе қалалық тұрғын үй инсекциясы бұл үйдегі жағдаймен таныс. Үйдің техникалық құжаты, жер актісі бар. Бірақ соңғы екі жыл бойы кондоминниум болып жұмыс істеген Н.Есқалин бұл үйге қызмет көрсетуден бас тартып, құжаттарын тұрғын үй инспекциясына тапсырды. Анықталғаны, тұрғын үйдегі пәтерлердің көбі жалға беріледі. Күтіп ұстауға қаржы бөлінбеген, тазалықты сақтауға көбінің құлқы жоқ.

«Тұрғын үйді алдымен арнайы мамандар қарап, тексеріп, қорытынды шығару керек. Егер апатты деп танылса, сол қорытынды қалалық комиссияға ұсынылады. Бәріне тұрғындар кінәлі. Олар күтіп ұстамаған, жөндеу жүргізбеген. Жертөле үнемі суға толы болып, қабырғаға сызат түсті»,- деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Хайдар Ермашев.

Ертең қалалық әкімдік мамандары мен тұрғындар кездесу өткізеді. Сол кезде тұрғындарға қаржы жинап, арнайы тексеру жүргізу ұсынылады. Бұл құжат болмаса әкімдік тұрғындардың арыз-шағымын қарамайды.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында 20-дан астам апатты үй бар. Онда 60 отбасы тұрып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар