Ақтөбелік жүргізушілер сұйытылған газ құю бекеттерінде кезекте тұр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында сұйытылған газ тапшы. Қазір облыс әкімдігі, арнайы қауымдастық пен делдалдар арасында газ тапшылығының себебі анықталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік мекемелер түгел сұйытылған газбен жүреді. Бензиннен үш есе арзан отынды пайдаланатын 36 мыңнан астам көлік бар. Ресми тіркелмегендерің саны әлі белгісіз. Соның салдарынан ұсыныстан сұраныс артып, тапшылық жиі сезіледі.

Ақтөбе облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дастан Амановтың айтуынша, әкімдік өңірге қажетті газға уақытылы тапсырыс беріп отыр.

«Әкімдік өз міндетін орындап отыр. Газға тапсырыс берілді, зауытпен келісім бар. Әрі қарай бақылау жүргізе алмаймыз. Газ тарату, бөлу ісі жекенің қолында. Оны өздерінен сұрау керек»,- деді Дастан Аманов.

Ақтөбеліктер түні бойы газ іздеді. Көбі талонмен өткізеді. Сондықтан қолма-қол ақшаға сататын газ құю бекеттерінде кезек көп.

Ақтөбеде газ құю бекеттеріне сұйытылған отынды бөлетін тасымалдаушылар қауымдастығы құрылып, жұмыс істеп тұр. Олар екі ірі зауыттан 9500 тонна газ алуға келісім жасап қойған. Бірақ бұл жұмысқа делдалдар дайын емес болып шықты.

«Ай сайын газ сұранысы артып келеді. Желтоқсан айында 9 мың тоннаны Жаңажол газ өңдеу зауытынан, 500 тонна газды ТШО-дан аламыз. Қазір делдалдардың тіркеу құжаты болмай, Атыраудан жеткізілетін газ кешігіп жатыр. Зауыттан алып, Ақтөбеге жеткізетін операторлардың жұмысы реттелмеді»,- деді газ тасымалдаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Алтынай Мұханова.

Айта кетейік, екі апта бұрын Павлодар газ өңдеу зауытының жөндеу жұмыстарына байланысты сұйытылған газ тапшылығы сезілген болатын.

Қарашада Ақтөбе облысына 8200 тонна газ бөлінсе, желтоқсанда 9500-ге жетті. Бірақ жүргізушілердің басты проблемасы түбегейлі шешімін таппады.

Соңғы жаңалықтар