Ақтөбелік полицейлердің тұрақтамауына не себеп

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев жалақысы аз болған соң полиция қызметкерлері тұрақтамайтынын жасырмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев бүгін мәслихат депутаттарының алдында есеп берді. Кадр тапшылығы мен полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын айтқан басшы 200-ден астам полиция қызметінің пәтер жалдап жүргенін айтты. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері ай сайын алған 67-80 мың теңге еңбекақысының тең жартысын пәтерге жұмсайды.

«Жол-патрульдік полиция қызметінде 52 орын бос тұр. Таяуда 60 адам алынды. Олар үш ай оқып, қызметке кіріседі. Ал республикалық тасжолды қарайтын ротада 22 штаттық бірлік бос тұр. Жалақы аз, олар пәтер жалдап тұрады. Шын мәнінде барлығы 226 жол-патрульдік полиция қызметкері пәтерде тұрады. Кейде арыз жазып, жұмыстан шығуды қалайтындар келеді. Себебі, әлеуметтік жағдайы жоқ»,- деді Қаныбек Жақсығалиев. Кейінірек басшы жатақхана салу ұсынысын айтты.
null 

Ал осы кезде әлеуметтік желіде белгісіз адамның жазбасы жарияланды. Онда ақтөбелік полиция қызметкерлерінің жалақысы 70-90 мың теңге аралығында екені ашық айтылған. «Жол-патрульдік полиция қызметінде кезекшілік кезінде көлікке жанар-жағармай құйып, оның сынған бөлшектерін өз қаржысына жөндейді. Сонымен қатар, қаңтар айынан бері жанар-жағармай берілмеді. Әр қызметкер жұмыс істеу үшін өз қаржысын салды». «Полиция қызметкері» әлеуметтік желідегі жазбасында бұл мәселелерді басшылық құрам білетінін, ешқандай шара қолдана алмай отырғанын жеткізді.

«Қызметкерлер іссапарға шығады, бірақ олардың жолақысы, жатын орны, тамағы төленбейді. Жол-патрульдік қызметі ақшаны қайдан алады? Қызметтік көліктердің техникалық жағдайы нашар. Бұл құпия емес. Қызметкерлер өз қаржысын жұмсап, көлікті жөндеп жүр»,- деді өзін аты-жөнін жасырып қалған адам. Әрі жазбада хаттама толтыру есебі жүргізіліп, жоспар орындау  тапсырмасы берілетіні айтылған.

Артынша бұл жазбаға Ақтөбе облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

«Полицияның қызметтік көлігі үшін жанар-жағармай бермейді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қоғамдық тәртіпті бақылау үшін күн сайын 70-тен астам көлік шығарылады. Олардың әрқайсысына талапқа сай жанар-жағармай беріледі. Ал республикалық тасжолдағы қауіпсіздікті бақылайтын полиция қызметкерлері біркүндік жұмысы үшін ақы алмайды. Заң бойынша іссапар шығыны қарастырылмаған»,- деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі. 

Соңғы жаңалықтар