Ақтөбелік полицейлер жүргізушілерден көмек сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті Ақтөбенің Солтүстік айналма жол және Ақтөбе -Орынбор тасжолында қарашылық шабуыл жасаған күдіктіні ұстай алмай отыр. Бүгін басшылар жүргізушілерден көмек сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 6 сәуір күні Ақтөбе қаласындағы Солтүстік айналма жолда белгісіз біреу «Мерседес Бенц» көлігіне қарақшылық шауыл жасап, жолаушының 31 мың рублі мен алтын сақиналарын алып кеткен болатын.  Ал, 19 сәуір күні КамАЗ көлігіне қарақшылық шабуыл жасалып, 52 жастағы Валерий Морозов оқиға орнында көз жұмған. Белгілі болғаны, оның ақшасы мен жүргізуші куәлігін алып кеткен. Бүгін Ақтөбе облыстық ІІД басқарма бастықтары жүргізушілерден көмек сұрады.

«Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысы аумағындағы жол бойында қауіпті деген ақпарат тарап жатыр. Бірақ бұл жалған ақпарат. Оқиғаның бірі 6 сәуірде, екіншісі 19 сәуірде болды. Біріншісінде Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық шабуыл», екіншісінде «Кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Жүргізуші басынан атқан оқтан көз жұмған. Қазіргі кезде бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу жүріп жатыр. Ақтөбе облысы аумағындағы жолдарда жұмыс күшейтілді. Оқиға болған күні сол жолмен жүрген жүргізушілер бейнерегистраторларын қараса дейміз. Біз шекара қызметіне де хабарлап, Қазақстан, Ресей және өзге ел азаматтарының көлік көп жүретін жолда болғанын білдік. Олар да бізге көмектесе алады. Құпия ақпарат берген адам туралы мәліметтер де құпия сақталып, қауіпсіздік қамтамасыз етіледі»,- деді Ақтөбе облыстық ІІД басқарма бастығы Арман Мұхамедияров.

Полиция қызметкерлері баспасөз мәслихаты кезінде екі оқиғаның бір-біріне байланысы бар-жоғын тергеуге байланысты жарияламады.

«Ақтөбе облысы бойынша 10 мыңнан астам қару тіркелген. Қазіргі кезде республикалық «Қару» алдын алу шарасы өтіп жатыр. Әрі рейд, тексеру басталды. Қару ұстайтын адамдарды мекенжайы бойынша тексеріп, соңғы бес жылда жоғалған, ұрланған қаруды да қарап жатырмыз. Бұрын қарақшылық шабуыл жасаған адамдар да тексеруге алынды. 2017 жылы бостандыққа шыққандарды да қараймыз. Қылмысты ашу үшін осындай жан-жақты жұмыс жүргізілуде,- деді Ақтөбе облыстық ІІД басқарма бастығы Арман Мұхамедияров.

Айта кетейік, қазіргі кезде екі қылмыстық іске байланысты күдіктілер ұсталған жоқ.

Соңғы жаңалықтар