Ақтөбелік мұғалімдер оқушыларының қылмысын жасырғаны үшін жазаланды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде оқушылардың қылмысын жасырған мұғалімдер мен мектеп директорлары әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың әрқайсысы 100 мың теңгеден астам айыппұл төледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа оқу жылы басталғанда Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметі мектеп, колледж оқушыларына жауапты білім мекемелерінің басшылары мен мұғалімдерді жинады. Облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиевтің айтуынша, өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыс екі есе көбейген. Сонымен қатар, ауыр қылмыс жасағандар да тіркелді.

«Жасөспірімдер арасындағы қылмыс аудандарда, қалада өсіп отыр. Жыл басынан бері ішкі істер органдарына 3 мыңнан астам жасөспірім жеткізілді, олардың 500-ден астамы есепке алынып, 45 ата-ана құқығынан айырылды. Түнгі клубтарға жасөспірімдерді кіргізген 60 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылды. Әйтеке би, Хромтау, Мұғалжар, Шалқар, Қарғалы аудандарында қылмыс өсті. Оның ішінде ауыр қылмыс жасағандардың қатары артты. Топ болып қылмыс жасайтындар мектеп, колледж оқушылары арасында көп. Олар қарақшылық, ұрлық, алаяқтық, бұзақылық жасаған»,- деді облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев.

Жиын кезінде қалаға білім алуға келген колледж оқушыларының 80 пайызы пәтер жалдап тұратыны, олардың кешкі өмірі бақылаусыз қалғаны айтылды. Сонымен қатар, тәртібі нашар балаларды колледжге жіберіп, өз беделін ойлайтындар әлі де бар. Осы аралықта оқушы кейде оқуға түспей, мектепке бармай бақылаусыз қалады.
null 

«Жасөспірімдерге дер кезінде шара қолдану керек. Ал біздің мұғалімдер мен ата-аналар балалардың қылмысын жасырады. Мәселен, биыл өңірде білім саласының 6 қызметкері әкімшілік жауапқа тартылды. Бәрі балаларды қорғап, қылмысты жасырды. Олардың арасында мектеп, колледж мұғалімдері бар. Әрқайсысы 100 мың теңгеден астам айыппұл төледі. Педагогтар қазір жасырса, ертең ауыр қылмыс жасауы мүмкін екенін ұмытпағаны жөн»,- деді Қаныбек Жақсығалиев.

Соңғы жаңалықтар